Қытай дәрігерлері коронавируспен күресуге көмектесуде

Қытай дәрігерлері коронавируспен күресуге көмектесуде

Қытайдан келген медицина мамандары коронавируспен күресте тәжірибе бөлісу мақсатында Алматыға ат басын тіреді. Бүгінде өңірдегі эпидемиологиялық ахуал күрделі. Пульмонология, эпидемиология, қоғамдық денсаулық сақтау саласының 10 білікті маманы Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетінің ұжымымен, Алматы әкімдігінің және ҚР ДСМ өкілдерімен видео кездесу өткізді. Жиын барысында қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев қаладағы эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады.

«Қазір Алматыда коронавирустың 525 жағдайы тіркелген. 100 мың адамға шаққанда көрсеткіш 25,6% болып тұр. Байланыста болғандардың 90%-нан вирус табылды. 85 адам жазылып шыққан. Бұл ауырғандардың шамамен 16,6%. Бірінші жағдай тіркелгелі бері Алматыда жұғу деңгейі 2-58 % аралығында болып тұр. Көпшілігі 13,14 сәуір күндері анықталған», - деді Тілеухан Әбілдаев.

Қытайлық мамандар диагностика мен емдеу саласының кейбір бағыттарында жұмысты күшейтуге кеңес берді.

«Бас санитарлық дәрігердің тапсырмасымен қаладағы барлық медициналық мекемелер провизорлық режімге көшеді. Барлық медицина мамандары жеке қорғаныс құралдарымен қамтылатын болады. Сонымен қатар, ҚР Қорғаныс министрлігінің госпитальдерін қосқанда төсек орынды 1000 – ға жеткізе аламыз. Сонымен қатар 280 орынға арналған модульді госпиталь салынып жатыр. Зертханаларда талдау мүмкіндігін күніне 3000 тестке жеткізе алады», - деді басқарма басшысы Т.Әбілдаев.

Шетелдік дәрігерлер видеоконференция соңында қазақстандықтарға вирусты жеңіп шығуға тілек білдірді.

 

Фото: liter.kz