Вакцина әлде дәрі. Қазақстандық ғалымдар екеуінің қайсысы короновирусқа қарсы тиімді екенін айтты

Вакцина әлде дәрі. Қазақстандық ғалымдар екеуінің қайсысы короновирусқа қарсы тиімді екенін айтты

Коронавирусқа қарсы тиімді жаңа дәрілерді жасау уақыт күттірмейтін мәселе. Қазақстандық ғалым бұл пікірімен «Егемен Қазақстанға» берген сұқбатында бөлісті. Айдын Қыдырмановтың айтуынша, инфекцияның мутацияға тез ұшырауы оған қарсы дайындалған вакцинаны қолданбай тұрып-ақ тиімділігін жоққа шығаруы мүмкін.

АЙДЫН ҚЫДЫРМАНОВ, МИКРОБИОЛОГИЯ ЖӘНЕ ВИРУСОЛОГИЯ ҒЫЛЫМИ-ӨНДІРІСТІК ОРТАЛЫҒЫ ВИРУСТАР ЭКОЛОГИЯСЫ ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

–Коронавирустардың иммуногенділігіндегі маңызды ерекшеліктерінің бірі – көпшілігінде антиденеге тәуелді күшею бар. Өйткені әлемнің басқа түкпірінде табылған вирус генотиптері қысқа мерзім ішінде Уханда алғаш пайда болған вирустан әлдеқайда өзгеше болып отыр. Вирустың мұндай жылдам эволюциясы вирустық белоктар құрылымының өзгеруімен қатар жүреді. Яғни алдында дайындалған вакциналық препараттар кейінгі эпидемиялық штамптарға қарсы дәрменсіз. Сондықтан барлық күш пен қаржыны вакцина әзірлеуге ғана жұмсамаған жөн, оның орнына бүкіл әлемдегідей дәрі-дәрмектер ізденісін де қатар жүргізген әлдеқайда ұтымды. Өйткені вирусқа қарсы қорғаныстың алдыңғы шебінде дәрілер тұрады.

Бұл ретте елімізде тиісті база, вирусолог ғалымдар және осы салада жүргізілген жұмыстар жеткілікті. Мысалы, Алматы қаласындағы Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының вирусқа қарсы препараттарды әзірлеуде мол тәжірибесі бар дейді, маман.

АЙДЫН ҚЫДЫРМАНОВ, МИКРОБИОЛОГИЯ ЖӘНЕ ВИРУСОЛОГИЯ ҒЫЛЫМИ-ӨНДІРІСТІК ОРТАЛЫҒЫ ВИРУСТАР ЭКОЛОГИЯСЫ ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

- Бұл орталықта коронавирустарды қамтитын індеттердің кең ауқымына қарсы тиімді бірқатар өсімдік тектес препараттар жасалып, патенттелген. Коронавирусқа қарсы тиімді жаңа дәрілер жасауға негіз бола алатын вирусқа қарсы және иммуностимуляциялық әсері бар жаңа табиғи қосылыстарды іздеу жұмыстары да жүргізілуде. Сондай-ақ Қарағанды қаласындағы «Фитохимия» Халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі вирусқа қарсы белсенділігі бар жаңа қосылыстарды табуда ізденістер жүргізілуде. Микробиология және вирусологияның ғылыми-өндірістік орталығы негізінде аталған препараттарды одан әрі зерттеудің келешегі зор. Осы  зерттеулер еліміздегі өзге де ғылыми мекемелерде жүргізіледі.

Айта кетейік, еліміздегі Ұлттық биотехнологиялық орталық пен биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты бірлесе отырып COVID-19 қарсы вакцина жасау ісіне кірісіп кеткен. Бұған қоса қатерлі індетке қарсы дәрі-дәрмек жасау саласындағы ізденістер де  көп кешікпей нәтижесін береді деген сенім зор.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: freepik.com