COVID-19: Еуропа елдерінде біртіндеп оқшаулау режимі жеңілдетілуде

COVID-19:  Еуропа елдерінде біртіндеп оқшаулау режимі жеңілдетілуде

Францияда 11 мамырдан бастап мектептер қайта ашылып, сауда орындары өз жұмысын бастайды. Ал қоғамдық тамақтану орындарын ашуға әзірге рұқсат жоқ. Елде індеттің беті қайтқанымен қорғану шараларын сақтау баршаға ортақ міндет ретінде қала береді. Билік қалыпты өмірге кезең-кезеңімен оралуды жоспарлауда. Францияда аурудың шарықтау шегі наурыз айының соңында өтті. Содан бері науқастар саны тұрақты түрде төмендеп келеді. Билік осы деректі негізге ала отырып, оқшауланудан шығуға болады деп шешкен.

ОЛИВЬЕ ВЕРАН, ФРАНЦИЯНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

– Карантиннен кейін де ауру белгісі байқалған азаматтардан сынама алу жұмысы жалғасады. Науқастармен байланыста болған тұлғалар да осындай тексеруден өтеді.

Карантиннен кейін де мейрамхана, дәмхана, кинотеатрлар мен музейлер жабық болады. Келушілердің қауіпсіздігін қамтамсыз ете алатын сауда орындарының жұмыс істеуіне рұқсат. Мамандар жасы үлкен кісілерге әлі де үйде отыруға кеңес береді.

Айта кетейік, елде бір тәулікте COVID-19 індетінен 395 адам қайтыс болған. Тағы 785 науқаста коронавирус инфекциясы расталған. Жалпы 19718 адам вирус құрбаны болған.

Ұлыбританияда да инфекциялар санының өсу қарқыны тұрақтаған. Бұл туралы ел үкіметі хабарлап отыр. Өткен тәулікте 596 адам қайтыс болған. Жалпы мұнда 16060 адам коронавирустан мерт болды.

Ал кәрі құрлық елі Италияда оқшаулау режимін алып тастау туралы шешім келіспеушілік тудыруда. Дау карантиннен шығу шешімі  ұлттық немесе аймақтық деңгейде қабылдануы керек пе деген мәселеге қатысты туындаған. Бүгін арнайы комиссия өкілдері елде карантинді алып тастауға дайындық туралы баяндама жасайды. Десе де, шенеуніктердің басым бөлігі оқшаулау режимін 3 мамырға дейін ұзартуды қолдап отыр.

Айта кетейік, Италияда жексенбі күні үш мыңнан аса адамда вирус анықталып, 433 адам қайтыс болған.  Жалпы елде пандемия басталғалы 23 660 мерт болды.

Испанияда жалпы карантиндік шаралар  9  мамырға дейін ұзартылды. Сондай-ақ өткен аптада оқшаулау режимі жеңілдейтіні туралы шешім қабылданған еді.  Үкімет карантинді  әр түрлі аймақтарда біртіндеп жоюды жоспарлап отыр.

«Балалардың үйден шығуына салынған  тыйымдардың бір бөлігін алып тастамақпыз.  Бүлдіршіндер 27 сәуірден бастап далаға шыға алады», - деді премьер-министр Педро Санчес.

Испанияда өткен тәулікте 410 адам қайтыс болған. Ал бір күн бұрын бұл көрсеткіш 482 жеткен еді.

Әлемге жайылған аты шулы індеттен АҚШ әлі де ең көп зардап шегіп отыр. Америкада пандемия басталғалы 770 мың COVID-19 дерегі анықталған.  41 мың адам инфекциядан қайтыс болған.

Айта кетейік,  Johns Hopkins University (JHU) ұсынған мәлімет бойынша дүниежүзінде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 2,3 млн асып жығылды. Қайтыс болғандар саны 164 мыңнан асты. Вирустан 615 мың науқас жазылып шыққан.

 

Фото: ria.ru