COVID-19: 1735 адам індетті жұқтырған

COVID-19: 1735 адам індетті жұқтырған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардан карантин режимін сақтауды сұрады. Ол өзінің Твиттердегі парақшасында індеттің шарықтау шегіне әлі жетпегенін атап өтті.

«Елімізде COVID-19 жұқтырғандар саны көбеюде, бірақ геометриялық прогрессиямен емес. Бұл дер кезінде қабылданған шешімдердің нәтижесі екені анық. Бірақ індет шарықтау шегіне жеткен жоқ»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент дәрігерлерге, полицияға, әскери қызметшілер мен волонтерлерге алғыс айта отырып, олардың қауіпсіздігіне баса мән беру қажеттігін айтты.

«Азаматтарымыздан карантинді сақтауды сұраймын. Дәрігерлерге, полицияға, әскери қызметшілерге, волонтерлерге алғыс айтамын. Олардың қауіпсіздігіне баса мән беру қажет»,- деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, елімізде коронавирус инфекциясын тағы 24 адам жұқтырған. оның ішінде Қызылорда облысында – 1, Нұр-Сұлтан – 9, Алматы қаласында – 1, Шымкент – 4, Батыс Қазақстан облысы – 1, Павлодар обылысы – 4, Қостанай облысы – 4. Жалпы Қазақстан бойынша 1735 адам қауіпті індетке шалдыққан.

Сауығып кеткендер саны – 401.

Сондай-ақ, Алматы қаласында 2 адам коронавирус инфекциясынан көз жұмды. Ал жалпы 19 науқас вирус құрбаны болды.

 

Фото: pv.uz