Карантин уақытында қандай тағамдар пайдалы? Иммунитетті қалай көтеруге болады?

Карантин уақытында қандай тағамдар пайдалы? Иммунитетті қалай көтеруге болады?

Өзін-өзі оқшаулау кезінде физикалық белсенділік төмендеп қана қоймай, сонымен қатар күнделікті режим де толығымен өзгереді. Осыған орай тамақ мәзірі де өзгеруі тиіс. Бұл –  диетолог мамандардың пікірі. Мамандардың айтуынша, мәзірге калориясы төмен, дәрумені жоғары өнімдерді мүмкіндігінше көп енгізу керек.  Сонымен қатар диетолог мамандар аз мөлшерде жиі тамақтануды ұсынады.

МАДИНА СҮЛЕЙМЕНОВА ЭНДОКРИНОЛОГ-ДИЕТОЛОГ

- Бүтін дәнді немесе кебек жармасы қосылған нан қолданған жөн. Сүт өнімдері де майлы болмауы керек. Майы аз балықты аптасына кемінде екі рет жеу керек. Ал көкөністер мен жемістер күнделікті ас мәзірімізге кіруі тиіс. Қант, фастфуд, ұн өнімдері, шұжық, майлы ірімшік пен етке, газдалған сусындарға шектеу қою қажет. Сонымен қатар мультивитаминдер курсын ішкен пайдалы. Күніне кем дегенде екі литр таза су ішу керек.

Көкөніс пен жемістерден жасалған смузи, су, малынған алма. Бұл диета ұстап жүрген Әнелдің басты қағидасы. Оның айтуынша, елде коронавирустық пандемия өршіп тұрғанда дұрыс тамақтану арқылы иммунитеттің инфекцияларға төзімділігін арттыру маңызды.

ӘНЕЛ АҚНАЗАРОВА  НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Мен әрдайым дұрыс тамақтану негіздерін ұстанып жүремін. Бұл пандемияға дейін де болған. Ағзаға пайдалы тағамдарды қолдану арқылы мен өзімді жеңіл сезінемін. Мен әлеуметтік желілерде көптеген диетолог мамандардың кеңесін тыңдадым. Олардың берген кеңестерінен өзімнің тамақтану мәзірімді құра білдім. Майлы және ауыр тағамдардан бас тарттым.

Әлеуметтік желіде карантинге дейінгі және карантиннен кейінгі салмақ туралы әзілдер жетіп артылады. Біз де оқырмандарымызға ара-тұра таразыға тартылып, салмақ өлшеп тұруды ұмытпауды ұсынамыз.

 

Фото: patee.ru