Сағынтаев: «Елімізде күніне ең көп тест Алматыда жасалады»

Сағынтаев: «Елімізде күніне ең көп тест Алматыда жасалады»

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің болжамына сәйкес, Алматыда 800-ге жуық адам коронавирус жұқтыруы мүмкін. Ал сәуір айының екінші жартысында індет шарықтау шегіне жетеді, дейді мамандар.

Қазіргі кезде қалада 393 адамда COVID-19 диагнозы қуатталды, 60 адам індеттен айығып шықты, үшеуі қайтыс болды.

Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев ең бастысы, ауру жұқтырғандардың барлығын анықтау екендігін мәлімдеп, тиісті жұмыстарды күшейтуге шақырды.

«Қалада қауіп тобындағы адамдар анықталды. Бірінші кезекте бұл әскери қызметшілер, полиция, дәрігерлер. Сондай-ақ, күн сайын адамдарды қабылдайтын әкімдік қызметкерлер. Әлі 10 мыңға жуық медицина қызметкерін тексеруіміз керек. Басында қорқынышты болғанымен, уақыт өте келе жағдай жақсарады. Мен коронавирус туралы күнде естимін. Қазақстанда күніне ең көп тест Алматыда жасалады. Ауру жұқтырғандардың барлығын бірден анықтап, шаралар қолданып, індет ошақтарын жабуымыз керек», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Айта кетейік, Алматыда карантиннен шығу жоспары әзірленді. Оған сәйкес, қалаға кіріп-шығудың (оның ішінде әуе қатынасы) катаң тәртібі карантин аяқталғаннан кейін де сақталады.

«Ресурстар жеткілікті болған жағдайда, тест тапсырып, карантиннен өткеннен кейін халықты біртіндеп қалаға жіберуге болады» - делінген жоспарда.

 

Фото: inform.kz