Індеттен емделіп шыққан спортшылар үшін арнайы жаттығу жүйесін бекіту керек

Індеттен емделіп шыққан спортшылар үшін арнайы жаттығу жүйесін бекіту керек

Коронавирусты қарттар мен дерті бар науқастар жиі жұқтырады деген түсінік бар. Алайда дені сау, тұрақты түрде спортпен шұғылданатын атлеттер де қауіпті індеттен құтыла алмайды. Коронавирустың кесірінен жұмыр жердегі жарыс біткеннің бәрі тоқтады. Әлем бойынша мыңға тарта спортшы осы індетке шалдықты. Олардың арасында атақты шабуылшы Пауло Дибала да бар. 26 жастағы футболшы коронавирустан жазылып шықты.

ПАУЛО ДИБАЛА, ФУТБОЛШЫ:

- Мен қатты қорықтым. Жаттығуда тыныс алуым қиындап, шаршай бастадым. Бір жағынан жөтел қысты. Әлсіздік те пайда болды. Тегін вирус емес екенін сезіндім. Сондықтан үйде отыруға кеңес беремін.

Ұлттық баскетбол қауымдастығында өнер көрсететін Руди Гобер лигада алғашқылардың бірі болып індет жұқтырды. Осы жағдайға байланысты АҚШ чемпионаты тоқтатылды. Спортшы бұған дейін індет жайлы ескертулерді елемей, баспасөз мәслихатында микрофонды қолымен ұстаған еді.   

РУДИ ГОБЕР, БАСКЕТБОЛШЫСЫ:

- Мен өзімде коронавирус анықталғанын білгенде психологиялық тұрғыдан өте көп эмоцияларды бастан кешірдім. Көбінесе қорқыныш, алаңдаушылық және сенімсіздік сезімі басым болды. Мен әлемді жайлаған індетке атүсті қараппын. Сондықтан менің бастан кешіргенім өзгеге сабақ болсын. Абай болыңыздар. Ақ халатты абзал жандар алдында басымды иемін. 

Індеттен қайтыс болғандар да бар. Коронавирус спорт саласында еңбек еткен мамандардың да өмірін қиды. Испанияда әуесқой команданың жаттықтырушысы Франциско Гарсия небәрі 21 жасында жарық дүниемен қош айтысты.

МАРГАРЕТ ХАРРИС, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

– Қазір індет жұқтырғандар қатарында дені сау азаматтар көп. Мысалы, салауатты өмір салтын ұстанатын жандар мен спортшылар да вирусқа шалдықты. Жастардың өзі індетті ауыр қабылдауда. Сондықтан коронавирус кез келген адамға жұғуы мүмкін. Пандемия жағдайында бәріміз де сақ болуымыз керек.

Спорт дәрігерлері коронавирусқа шалдыққан атлеттердің нәтижесі төмендеуі мүмкін екенін айтады. Себебі тыныс алуы қиындаған адам бірден жоғары жетістіктерге жете алмайды.

ИРИНА ЗЕЛЕНКОВА, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДА КОМИТЕТІНІҢ ДӘРІГЕРІ:

- Коронавирус індетіне шалдыққан спортшының тыныс алу жүйесіне зақым келеді. Сондай-ақ, бұлшықеттердің оттегімен қамтамасыз ету жүйесі де нашарлайды. Сондықтан спортшы ауруға дейінгі көрсеткен нәтижелеріне қол жеткізе алмайды. Осыған байланысты індеттен емделіп шыққан спортшылар үшін арнайы жаттығу жүйесін бекіту керек.

 

Фото: segodnya.ua