Әлемде COVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны 2 млн-нан асты

Әлемде COVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны 2 млн-нан асты

Әлемде COVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны 2 миллионнан асып түсті. 481 мыңнан астам адам емделіп шыққан. Мұндай мәліметтерді Джонс Хопкинс университеті келтіріп отыр.

Коронавирус індеті өршіп тұрған АҚШ-та жағдай көңіл көншітерлік емес. Мұнда 612 мыңнан астамда адам инфекцияға шалдыққан. Ал Испанияда шамамен 175 мың адамда коронавирус диагнозы расталған. 18 255 адам қайтыс болды. Италияда 162 мыңнан аса адам COVID-19 инфекциясына шалдыққан. Бүгінгі таңда елде вирус құрбаны атанғандар қатары 21 мыңнан асып жығылды. Францияда 143 мың, Германияда - 132 мың, Ұлыбританияда – 100 мыңға жуық адам аты жаман ауруды жұқтырған.

Десе де, Еуропада коронавирустан ең қатты зардап шеккен екі ел – Италия мен Испания карантин тәртібін жеңілдете бастады. Мәселен, Италияда дүкендер ашылып жатыр. Ал Испанияда зауыттардың жұмысы қайта жанданған. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл екі мемлекетті асықпауға шақырды. Өйткені ауру қайта белең алып кете ме деген күдік басым.

Франция билігі шектеу шараларын жеңілдетуге әлі ерте дейді. Сөйтіп президент карантин мерзімін 11 мамырға дейін ұзартты.

 

Фото: delo.ua