Коронавирус тіркелмеген әлем елдері

Коронавирус тіркелмеген әлем елдері

2019 жылдың желтоқсанында Қытайдың Ухань қаласында бас көтерген коронавирус әлемнің барлық еліне дерлік тарады. Қазіргі таңда 185 мемлекеттің аумағында қатерлі індет анықталып отыр. Алайда қауіпті инфекциядан ада мемлекеттер де бар, деп хабарлайды «AJ» халықаралық телекомпаниясы.

Еуропаны толықтай жаулаған пандемия Азияның 3 еліне ащы тырнағын батырып үлгермеген. Түркменстан - COVID-19 кірмеген Қазақстанмен шекаралас жатқан жалғыз мемлекет. Сондай-ақ аймақтағы Тәжікстанда да коронавирус бар деген ресми ақпарат жоқ.

Шығыс Азия өңірінде инфекция азуын батыра алмай отырған соңғы ел - Солтүстік Корея. Африка құрлығының бірнеше мемлекетінде де коронавирус жұқтыру дерегі тіркелмеді. Атап айтсақ, Сан-Томе және Принсипи, Лесото, Комор аралдары сынды шағын елдерге қауіпті кесел енбеген.

Тынық мұхитының жағалауындағы бірқатар елдер де әлемде белең алған коронавирустан аман. Ондағы қатерлі дерт жуымаған елдердің тізіміне Тувалу, Соломон аралдары, Маршалл аралдары, Палау, Науру, Кирибати, Самоа және Микронезия мемлекеттері кірген.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: webplus.info