COVID-19: Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 2 миллионға жуықтап қалды

COVID-19: Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 2 миллионға жуықтап қалды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде COVID-19 диагнозы расталғандар саны 2 миллионға жуықтап қалды. 114 мыңнан аса адам инфекциядан көз жұмған.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметтері бойынша, қауіпті індетке шалдыққандардың саны бойынша Америка құрама штаттары әлі де көш бастап тұр. Елде COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны шамамен 560 мыңға жуықтаған, 22 мыңнан аса адам көз жұмды. Жазылып шыққандар - 33 115. Барлық штаттарда апатты жағдай жарияланды.

Коронавирустан ең көп зардап шеккен елдердің бірі – Италия. Мұнда өткен тәулікте 437 адам мерт болған. Бұл - соңғы 3 жарым аптадағы ең төменгі көрсеткіш. Елде індет басталғалы  ауру 20 мыңға жуық адамның өмірін жалмаған. Бүгінгі таңда 156 мыңнан астам италиялық коронавирусты жұқтырған, 3 мыңнан астамы реанимацияда жатыр.

Испанияда да жағдай көңіл көншітерлік емес. Мұнда соңғы мәліметтерге сәйкес 160 мыңнан аса адамда коронавирус індеті расталған. Қайтыс болғандар саны 17 мыңнан асқан.

Ұлыбритания коронавирустан ең көп зардап шеккен Еуропа елдерінің қатарында болуы мүмкін. Бұл туралы Ұлыбритания үкіметінің аға кеңесшісі, төтенше жағдайларды зерттеу жөніндегі кеңес тобының мүшесі Джереми Фаррар мәлімдеді. Елде қарттар үйлері мен өз үйлерінде қайтыс болғандарды есептемегенде, ауруханаларда қауіпті індеттің құрбандары саны жексенбі күні 10 мыңанан асып жығылған.

Сарапшылардың айтуынша, Біріккен Корольдік пандемияның Еуропадағы негізгі ошағына айналуы мүмкін. Себебі науқастар саны күн сайын жүздеп, тіпті мыңдап анықталуда. Бүгінде ел бойынша 85 мыңнан астам науқас бар. Өткен аптаның соңына дейін олардың арасында британ премьер-министрі Борис Джонсон да болды. Кеше ол дертінен айығып, ауруханадан шықты. Бірақ үкімет басшысы әзірге қызметіне оралмайды. Дәрігерлердің кеңесімен Джонсон өз резиденциясында денсаулығын қалпына келтіру үшін ем алуды жалғастырады.

 

Фото: rbc.ru