Әлемдегі ахуал: Еуропа елдерінде COVID-19 таралуы бәсеңдей бастады

Әлемдегі ахуал: Еуропа елдерінде COVID-19 таралуы бәсеңдей бастады

Еуропа елдерінде COVID-19 таралуы бәсеңдей бастады. Франция Президенті Эммануэль Макрон бейсенбіде ғылыми қоғамдастық өкілдерімен кездесуі барысында келесі аптада елде карантин режимінің ұзартылатынын мәлімдеді.

«Елде пандемия таралуының азаюы карантиндік шаралардың қатаң сақталуында. Осыған орай Франция халқына алғысымды білдіремін. Жақын адамдарымыздың, отбасымыздың денсаулығы ешкімді бей-жай қалдырмады. Бұл – өте маңызды.  Өзін-өзі оқшаулау инфекцияның таралуын тоқтатуға көмектеседі»-деді елдің денсаулық сақтау департаментінің бас директоры Жером Саломон.

Италияда  да ауруханаға  түскен науқастар саны азайған. Бүгінгі таңда короновирус жұқтырғандардың 67% үй жағдайында емделуде. Дегенмен, Ломбардияның солтүстік аймақтарында әлі де эпидемия өршіп тұр.

Испания премьер-министрі Педро Санчес елде пандемияның бәсеңдегенін мәлімдеді. Осыған байланысты испан үкіметі сәуірдің 26-сынан бастап елдегі карантин шараларын жеңілдетуді көздеп отыр. Сонымен қатар Испанияда «Қызыл крест» қоғамы коронавирустан жапа шеккен халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобына көмек көрсетуге кірісті. Халықаралық ұйым оларға дәрі-дәрмек пен азық-түлік және тұрмысқа аса қажетті заттарды таратуда. Мамандар пандемия кесірінен жұмысынан айырылған адамдар көбейгенін айтып отыр. Мысалы, Каталония аймағында мұндай тұрғындардың қарасы 100 мыңнан асақан.

Ал Біріккен Корольдікте керісінше, соңғы тәулікте короновирустан қайтыс болғандар саны рекордтық көрсеткішке жетті. Бір мыңға жуық адам осы індеттен көз жұмған. Ал жалпы құрбан болғандар саны 7000-нан асып жығылады. Ауруханаларда орын тапшы, медицина қызметкерлері жетіспей жатыр. Қазір Ұлыбританияда карантиннің үшінші аптасы өтіп жатыр және оны тоқтату жоспарда жоқ.

 Чехия билігі елдің бірнеше аймағында «ақылды карантин» жобасын қолға алды. Егер шараның тиімділігі дәлелденсе, ол бүкіл ел аймағында жүзеге асырылады. Жобаның жаңашылдығы коронавирусты жұқтырғандарды GPS навигатор арқылы бақылауында. Осы арқылы алынған мәліметтер дертті жаңа жұқтырғандарды тез анықтауға мүмкіндік бермек.

«Чехия, мысалы, Италия, Испания немесе Америка Құрама Штаттарында орын алған жағдайдың алдын алды. Біз аурудың бақылаусыз таралуын тоқтатып, денсаулық сақтау жүйесін шамадан тыс жүктемелерден қорғай білдік. Енді біз қалыпты өмірге біртіндеп оралуға дайындала аламыз »- деді елдің денсаулық сақтау министрі Адам Войтех.

Еуропада жағдай оңалып келе жатқанымен Сауд Арабиясында короновирус қарқынын үдетті. Елде  қауіпті індетке шалдыққандар арасында корольдік жанұя мүшелері де бар. Отбасының жақыны әулетте кем дегенде 150 адамда коронавирус анықталғанын мәлімдеді деп хабарлайды The New York Times. Соңғы деректерге сәйкес елде 2795 адамның індет жұқтырғаны расталды. 41 адам көз жұмған. 

 

Фото: rbc.ru