Қытайдан келген дәрігерлер 2 апта бойы кеңес беріп, көмек көрсетеді

Қытайдан келген дәрігерлер 2 апта бойы кеңес беріп, көмек көрсетеді

Қытайдан келген 10 дәрігер Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларында жұмыс істейді. Шетелдік мамандар жергілікті әріптестерімен қатерлі індеттің алдын алып, емдеуге қатысты тәжірибелерімен бөлісіп,  2 апта көлемінде консультациялық-әдістемелік көмек береді.

ҚАМАЛЖАН НАДЫРОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

– Бізде қазір емделіп шыққандармен қатар, жағдайы ауыр науқастар да бар. Бірнеше адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Сондықтан Қытайдың дәрігерлерімен ақылдасатын мәселе көп. Өзіміз жинаған тәжірибемен де бөлісе аламыз. Олардың кеңесіне де құлақ асамыз. Диагностика мен емдеудің бекітілген арнайы хаттамасы бар. Сол бойынша жұмыс істейміз.

Дәрігерлер Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономдық ауданынан келді. Олар аталған өлкедегі медициналық мекемелердің үздік мамандары. Қатерлі індетпен күрес кезінде мол тәжірибе жинаған.

ЛУ ЧЖЕН, ДӘРІГЕР /ҚЫТАЙ/:

 – Біз Қазақстанға толық дайындықпен келдік. Инфекция жұқтырған адамдарды емдеу әдістерімен бөлісеміз. Келген дәрігерлердің сырқаттарды емдеу тәжірибесі бар. Сондай-ақ гуманитарлық көмек ретінде бетперде мен арнайы қорғаныш костюмін ала келдік.  Қазақстандық мамандармен бірлесе жұмыс істеп, арадағы ынтымақтастықты нығайтуды ойлаймыз.

 

Фото: azattyq-ruhy.kz