COVID-19: Әлемдегі ахуал қандай?

COVID-19: Әлемдегі ахуал қандай?

Әлемді жайлаған коронавирус әлі де адамзат өміріне қауіп төндіруде. Дегенмен аты жаман ауруды 300 мыңнан астам науқас жеңіп, ауруханадан шықты.

Олардың арасында Голливуд жұлдызы Том Хэнкс пен оның жұбайы Ольга Куриленко, британдық актер Идрис Эльба мен тағы басқалары бар. Осылайша, атақты жұлдыздар COVID-19 емделіп шығуға болатындығын көрсетті. Сонымен қатар, коронавирус диагнозы расталған танымал саясаткерлер де  кеселді толығымен жеңіп шығуға болатындығын алға тартып отыр. Оған дәлел Ұлыбританияның тақ мұрагері ханзада Чарльз, Монако князі Альбер II вирустан сауығып шықты. Ал бүгін Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсонның жағдайы жақсарғаны белгілі болды. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, саясаткер қазірдің өзінде төсекте отырып, дәрігерлердің кеңестерін бұлжытпай орындауда.

Инфекцияның таралу ошағы болған аспан асты елі індетті толығымен жеңіп шыққанын ресми түрде мәлімдеді.  Соңғы 4 күнде мұнда кеселден сауыққан  науқастар ауруханадан үйіне жіберілуде. Сонымен қатар Қытайда бірнеше күн бойы коронавирустан қайтыс болғандар тіркелмеген. Қазіргі таңда елде зауыттар, фабрикалардың жұмысы жандана бастады.  Ойын-сауық орталықтары ашылуда. Ал Ухан қаласында тіпті жаппай үйлену тойы болып жатыр. 76 күн карантинге жабылған қалада отбасын құрып, неке қиғысы келетіндердің саны рекордтық деңгейге жеткен.  Оқшаулау шаралары алынғаннан кейін неке қиюды тіркеу бағдарламасына берілген өтініштердің көптігі соншама, бағдарлама мұндай жүктемені көтере алмай істен шыққан.

Кәрі құрлықтағы Италияда аурудан емделіп шыққандар саны артып келеді. Бүгінгі таңда 2000-нан астам адам қауіпті инфекцияны жеңді. Жалпы, бұл елде қазір 26 491 адам COVID-19 толық айыққан.

Десе де, бүгінгі таңда көптеген елдерде әлі де карантин режимі қатаң сақталуда. Соңғы мәліметтер бойынша, әлемде 1,5 миллионнан астам адамда  COVID-19 дерегі расталған. Олардың үштен бірі АҚШ-та тіркелген. Екінші орында Испания. Мұнда коронавирус індетін 148 мыңнан астам адам жұқтырған. Үшінші орында Италия. Елде 139 мыңнан астам науқаста ауру анықталған.

 

Фото: eaomedia.ru