Орталық Азия елдері коронавирус індетімен күресуде

Орталық Азия елдері коронавирус індетімен күресуде

Қырғыз президенті коронавирусқа қарсы күресу үшін Ислам банкінен көмек сұрады. Бұл жайында Сооронбай Жээнбековтің Ислам даму банкінің президенті Бандар Хаджармен телефон арқылы сөйлесуінде белгілі болды деп хабарлайды мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

Осыған дейін Азия даму банкі Қырғызстанға 20 млн доллар қаражат бөлсе, Дүниежүзілік банк 12,15 млн доллар, Халықаралық валюта қоры 120,9 млн доллар көлемінде грант беру жөнінде шешім шығарған.

Айта кетейік, соңғы мәлімет бойынша, Қырғызстанда коронавирус індетін жұқтырғандар саны 280-ге жетті. 4 адам қайтыс болған.

Сонымен қатар коронавирустың бірде бір дерегі тіркелмеген Тәжікстанға Дүниежүзілік банк індетпен күресу үшін 11 млн доллар бөлмек.

«Бұл қаржы негізінде медициналық құрылғылар, арнайы киімдер және қажетті заттар сатып алуға жұмсалмақ. Қазір елде өкпені жасанды желдететін 500 аппарат бар, қосымша 100 аппарат сатып алынатын болады. Бір ай бұрын мұндай аппарат 10 мың доллар тұрды, қазір оның бағасы 100 мың долларға көтеріліп кетті», - деді Денсаулық сақтау министрі.

Сонымен бірге Дүниежүзілік банк бөлетін қаражаттың 3 млн доллары жағдайы төмен отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етуге жұмсалмақ.

Осыған дейін АҚШ үкіметі Тәжікстанға 866 мың доллар бөлген. Бұдан бөлек Германия 1 млн еуро, Азия даму банкі 100 мың доллар берсе, Ресей 20 мың сынама жүйесін, ЮНИСЕФ қорғаныс құралдарын жібергенін де айта кетейік.

Ал Өзбекстан халқы жұмыла көтерген жүк жеңіл деп, инфекциямен күресуге арналған дағдарысқа қарсы қорына  5,2 млн доллар  қаражат жинады. Бул туралы ел президенті Шавкат Мирзиеев видео-селекторлық жиналыс барысында мәлідеді, деп хабарлайды Ферғана.

Мирзиёевтің айтуынша, бұл факт тұрғындардың COVID-19 таралу қаупімен күресуге дайын екендігін көрсетеді.

Жалпы, президент республика азаматтарының қажетті сақтық шараларын бұлжытпай орындап жүргеніне ризашылығын білдірді.

«Ең бастысы, біздің халқымыздың басым көпшілігі жағдайды байсалды түрде бағалайды, қашықтан жұмыс істейді, дәрігерлердің ұсыныстары мен карантин талаптарын қатаң сақтап, өзге де адамдарға үлгі көрсетуде. Біздің оқушыларымыз бен студенттеріміз онлайн сабақтар арқылы білім алуда», - деді Өзбекстан басшысы.

Мирзиёев шаруалар мен фермерлер ауылшаруашылық жұмыстарын бастап кеткенін де атап өтті.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Өзбекстанда 546 адамда COVID-19 дерегі расталған. 30 адам толығымен індеттен сауығып шыққан.

 

Фото: ria.ru