Әлемде 82 мыңнан аса адам COVID-19 құрбаны болды

Әлемде 82 мыңнан аса адам COVID-19 құрбаны болды

Әлем бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының өсуі тоқтаған жоқ. Бүгінде қауіпті індетке шалдыққандардың саны 1 миллион 430 мыңнан асып жығылды. 82 мыңнан аса адам COVID-19 құрбаны болды. Қауіпті індетке шалдыққандардың саны бойынша Америка құрама штаттары әлі де көш бастап тұр. Онда коронавирус инфекциясынан бір тәулікте 1736 адам қайтыс болды. Бұл елде эпидемия басталғалы бергі ең жоғары көрсеткіш. Бүгінгі таңда АҚШ-та короновирус індетінен қайтыс болғандар саны 12,7 мыңнан асып түскен. Оның басым бөлігі Нью-Йорк қаласына тиесілі.  Елде барлығы 400 мыңға жуық адамда  COVID-19 жағдайы расталған.

Францияда соңғы тәулікте коронавирустан 1000-нан аса адам қайтыс болып, 11 мыңдай азамат вирус жұқтырды. Осылайша, елдегі коронавирус құрбандары 10 мыңнан асты. Ал науқастардың жалпы саны 110 мыңға жақындаған. Джонс Хопикинс университетінің мәліметіне сай, енді Франция коронавирустан болған өлім көрсеткіші бойынша Италия, Испания және АҚШ-тан кейін төртінші орында тұр. Айта кетейік, бұған дейін Париж билігі шектеу шараларын тағы да қатаңдатқан еді. Жаңа тәртіп бойынша тұрғындардың күндізгі уақытта далада жаттығу жасауына тыйым салынды.

«1-ші наурыздан бастап ауруханаларда, қарттар үйінде коронавирус індетінен көз жұмғандардың саны 10 мың 328-ге жетіп отыр. Қайтыс болғандардың 82 проценті 70 жастан асқан азаматтар»,- деді елдің  денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жером Саломон.

Испанияда соңғы бірнеше күнде өлім көрсеткіші бәсеңдей бастаған. Осыған байланысты мамандар індеттің шарықтау шегі өтті деп үміттеніп отыр. Бүгінгі таңда елде 40 мыңнан астам азамат кеселден айығып шыққан. Айта кетейік, бүгінде бұл елде коронавирус жұқтырудың 141 мың дерегі тіркелген. 14-ші наурыздан бері бүкіл ел тұрғындары карантинде. Ол 26-шы сәуірге дейін созылады.

Италияда  елінде  COVID-19 расталған дерегі азайып келеді.  Мұнда  24 сағат ішінде 604 адам қайтыс болған. Бұл кқрсеткіш өткен дүйсенбіде 636-ға жеткен еді. Пандемия басталғаннан бері мұнда инфекцияға шалдыққандардың саны 135 мыңнан асты. Қайтыс болғандардың саны 17 мыңнан жоғары.

Ал Қытайда өткен тәулікте COVID-19 дертіне шалдыққан 62 адам тіркелген. Олардың 59-ы сырттан келгендер. 2 адам қайтыс болды. 1 мың 190 адам әлі де ауруханада жатыр. Бұл туралы аспан асты елі мемлекеттік комиссиясы мәлімдеді. Ал өткен түні 76 күн бойы карантинде болған Ухань қаласы ашылды. Шаһарда төртінші күн қатарынан коронавирус жұқтырған адам тіркелген жоқ.

 

Фото: ua.today