COVID-19: Әлемде коронавирус жұқтырғандардың саны 1 млн 347 мың адамнан асты

COVID-19: Әлемде коронавирус жұқтырғандардың саны 1 млн 347 мың адамнан асты

Әлем бойынша коронавирус инфекциясын жұтырғандардың қатары артып келеді. Бүгінде қауіпті індетке шалдыққандардың саны 1 миллион 347 мың адамнан асты. COVID-19 тез тарап жатқанына байланысты қазіргі таңда әлемнің тең жартысы карантинде отыр.

Бұл қатерлі тізімде Америка Құрама Штаттары әлі де көш бастап тұр. Онда тек соңғы тәулікте ғана инфекция жұқтырған жаңадан 30 адам анықталды. Жалпы дертке шалдыққандардың саны 337 мыңнан асқан. Инфекциядан көз жұмғандар 9600 адамға жеткен. Жергілікті билік өкілдерінің болжамына сай осы аптада қайғылы жағдайлар артуы мүмкін. Олардың есептеуінше коронавирус 240 мың адамның өмірін алып кетуі ықтимал.

Еуропада да жағдай оңалатын емес. Кәрі құрлықта ең көп науқас Испанияда тіркелген. Дей тұра жағымды жаңалық та бар. Бұл елде осымен төртінші күн қатарынан қатерлі дерттен қаза тапқандар саны азайып келеді.

Соңғы күндері Италияда да коронавирустан көз жұмғандар саны қысқарған еді. Алайда кеше кешке қайта өсім болғаны байқалады. Жалпы бұл елде бүгінде Covid-19 жұқтырған адамдардың саны 132 мыңнан асып жығылады. 16 мыңнан астам науқас  қатерлі індетпен күресе алмай қайтыс болды.

Германияда да үстемдік құрған короновирус 100 мың адамға тараған. Ал Франция елінде инфекция жұқтырғандардың саны 98 мыңға жетті.

Ұлыбританияда бұл көрсеткіш төмендеу. Алайда қазір ел халқы премьер-министр Борис Джонсонның денсаулығына алаңдаулы. Соңғы мәліметтерге сай қазір ол жан сақтау бөліміне ауыстырылып, жасанды өкпе желдеткіші аппаратына қосылған.

Пандемия ошағы Қытайда соңғы тәулікте қатерлі індеттен көз жұмған науқастар тіркелген жоқ. Бұл қаңтар айынан бері алғаш рет болған жағымды жаңалық.

Оңтүстік Кореяда да алғаш рет соңғы аптада коронавирус анықталған адамдардың саны 50-ге жетпегендігі тіркелді. Елде бүгінде барлығы 10 234 жағдай анықталған.

 

Фото: rosbalt.ru​