Әлемде коронавирус жұқтырғандардың саны 1 133 758 адамға жеткен

Әлемде коронавирус жұқтырғандардың саны 1 133 758 адамға жеткен

Өткен тәулікте әлемде 82 061 адам коронавирус жұқтырып, 5 798 адам қайтыс болған. Бұл туралы ДСҰ хабарлады. Ұйымның мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандардың саны 1 133 758 адамға жеткен. Ал пандемиядан 62 747 адам көз жұмған. Коронавирус жұқтырғандардың басым бөлігі Еуропада тіркелген. Дегенмен, Италия мен Испанияда атышулы індетке шалдыққандар мен инфекциядан қайтыс болғандар саны азайғаны байқалады.

Испанияда соңғы тәулікте Covid-19-дан 674 науқас қайтыс болды. Бұл жұма күнгі көрсеткішпен салыстырғанда 135 адамға аз. Жалпы Испанияда қауіпті індет шамамен 12 500 адамның өмірін жалмады. Елде 130 мыңнан аса Covid-19 дерегі расталған.

Ал Германияда вирусты жұқтырғандар саны 95 мыңнан асып, 1500-ге жуық адам қайтыс болған. Бір тәулікте мұнда 3600 аса Covid-19 дерегі расталып, 92 адам инфекция құрбаны болды.

Қауіпті індетке шалдыққандардың саны бойынша Америка құрама штаттары әлі де көш бастап тұр. Онда коронавирус инфекциясынан 8500-ден аса адам көз жұмды. COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны шамамен 312 000 адамға жетті, жазылып шыққандар ‒ 15 000.

6 сәуірдегі жағдай бойынша Ұлыбританияда COVID-19 жұқтырғандардың саны 47 806, ал қайтыс болғандар қатары 4 932-ге жеткен. Мұнда ел премьер-министрі Борис Джонсон да коронавирус жұқтырып алған болатын. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, қазір саясаткер жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Сонымен қатар, Ұлыбритания патшайымы Елизавета II халыққа үндеу жасады. Өз сөзінде ол коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерге алғысын білдіріп, соғыс жылдарын еске түсірді. Ел бірігіп, қауіпті ауруды жеңе алатынына сенім білдірді.

 

Фото: rbc.ru