COVID-19: Дүниежүзі бойынша қайтыс болғандар саны 52 мыңнан асты

COVID-19: Дүниежүзі бойынша қайтыс болғандар саны 52 мыңнан асты

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми мәліметтеріне сәйкес, әлемде коронавирусты жұқтырғандардың саны миллионнан асып жығылды. 3 сәуірдің таңында COVID-19 тараған барлық елдерде қайтыс болғандар саны 52 мыңнан асты.

Соңғы бір тәулікте Франция елінде 500-ден аса адам коронавирустан көз жұмды. Осылайша, қауіпті инфекциядан қайтқандар саны 4500-ден асты. Қазіргі уақытта ел астанасында жағдай ушығып тұр. Осыған орай әскери ұшақтармен Францияның түкпір-түпірінен дәрігерлер жеткізілуде. Сонымен қатар, елдің шығысында да жағдай мәз емес. Сондықтан француздар науқастарды ең аз зардап шеккен аймақтарға немесе шетелдерге, мысалы, Германия, Швейцария елдеріне шығару тәжірибесін қолдануда. Ол үшін ұшақтар да, жүрдек пойыздар да жұмылдырылды.

Испанияда коронавирус дерегі расталғандар саны 10 мыңнан асты. Оның ішінде соңғы 24 сағат ішінде 950 науқас қайтыс болды. Бұл ел үшін жаңа антирекорд. Десе де инфекцияның өсуі баяулаған. Соңғы күндері ол 8 пайыз деңгейінде. Испания билігі көршілес Италиядағы сияқты атышулы індеттің ең қатерлі кезеңі өткенін мәлімдеп отыр. Енді елде ауырғандар мен өлім саны азаяды деп күтілуде.

Ал Италияда короновирус індетінен бір күнде 760 адам мерт болып, коронавирус шамамен 14 мың адамның өмірін жалмады. Жалпы, бұл елде 115 мыңнан аса COVID-19 дерегі тіркелген. Италияда карантин режимі 13 сәуірге дейін ұзартылды.

Қауіпті індетке шалдыққандардың саны бойынша ДДСҰ мәліметтеріне сәйкес Америка құрама штаттары әлі де көш бастап тұр. Онда 235 мыңнан астам адамға коронавирус диагнозы қойылған. Ал соңғы бір тәулікте 884 адам қайтыс болған.

 

Фото: rfi.fr