Коронавирус кесірінен әлемде қандай спорттық шаралар кейінге қалдырылды?

Коронавирус кесірінен әлемде қандай спорттық шаралар кейінге қалдырылды?

Коронавирус пандемиясы спортшылар мен жанкүйерлердің жоспарларын күл-талқан етті. Федерациялар, клубтар, ұйымдастырушылар жұмыс кестелерін өзгертіп, беделді турнирлер мен жарыстарды кейінге қалдыруға мәжбүр болды.

Коронавирус кесірінен Уимблдон-2020 додасының уақыты шегерілді. Танымал турнирдің ұйымдастырушылары жарыстың биыл өтпейтінін хабарлады. Мұндай жағдай тек осыдан 75 жыл бұрын – екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ғана орын алған.

COVID-19 пандемиясы салдарынан миллиондаған көрермен Швейцарияда мамыр айына жоспарланған хоккейден әлем чемпионатын тамашалай алмайтын болды.

Футбол әлемінде де дағдарыс. Бүкіл әлем бойынша ұлттық біріншіліктердің барлығы белгісіз мерзімге шегерілді. УЕФА басшылығы да маусым айына жоспарланған матчтарды қашан өткізетінін білмей отыр. Демек, биыл жазда футбол фанаттары Чемпиондар және УЕФА лигаларын көре алмайды деген сөз.

Мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты 2020 жылдың қазан айына дейін ұйымдастырылмайтыны анық. 

Баскетболшылар да карантинде. Еске салсақ, НБА ойыншысы Руди Гоберден коронавирус анықталған соң ассоциацияның маусымында үзіліс жарияланды. Содан кейін баскетболдың тағы бір жұлдызы – Донован Митчеллден де инфекция табылды.

Біріккен Араб Әмірліктеріндегі веложарысқа қатысушылардың алтауынан қауіпті вирус анықталған. Осыдан кейін Халықаралық велоспортшылар одағы 1 маусымға дейін жарыстарды өткізбеу туралы шешім қабылдады.

«Формула-1» шабандоздары да карантинге кетуге мәжбүр. Автоспорттан әлем чемпионаты сәуірдің 17-19 аралығында өтуі тиіс болатын. Ол да белгісіз мерзімге шегерілді. Бұған қоса, Нидерланд, Испания және Монакодағы кезеңдер де кейінге қалды.

 

Фото: livesport.ru