Айжан Есмағамбетова: Коронавирус елдің ішінде тарай бастады

Айжан Есмағамбетова: Коронавирус елдің ішінде тарай бастады

Қазақстанда коронавирус жағдайларының үштен бір бөлігі сырттан келген. Қалғаны елдің ішінде тарай бастаған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты.

«Вирус тез жұғады. Бір адам инфекцияны төрт адамға дейін тарата алады. Науқас алғашы белгілері пайда болғанға дейін ортаға қауіпті болып келеді. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында коронавирус індетіне шалдыққан бір адам 2-ден 7 адамға дейін инфекцияны жұқтырғаны жайлы ақпарат бар. 369 науқастың ішінде 91 адам ғана шетелден ауырып келген. Қалғаны –  осында жүріп, вирусты жақын қарым-қатынас арқылы жұқтырғандар. Бұл дегеніміз, инфекция елдің ішінде тарап жатыр», - деп атап көрсетті Есмағамбетова

Брифинг барысында еліміздің бас санитар дәрігері Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағандыда дәрігерлердің COVID-19 жұқтырғанын мәлімдеді.

«Өкінішке қарай, бүгінде еліміздің бірнеше өңірінде медициналық қызметкерлер коронавирус жұқтырды. Бұлар Алматыда, Нұр-Сұлтанда және Қарағандыда», - деді бас санитар дәрігер онлайн брифинг барысында.

Осыған байланысты елдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері жарлыққа қол қойды. Онда медицина қызметкерлерінің инфекциялық қауіпсіздік  шаралары, сондай-ақ жұмыстың қауіптілігіне байланысты жеке қорғаныс құралдарына қойылатын талаптар қарастырылған.

 

Фото: inbusiness.kz