Қазақстанның бірнеше аймағы карантинге жабылады

Қазақстанның бірнеше аймағы карантинге жабылады

31 наурыздан бастап Қазақстанның бірнеше аймақтары карантинге жабылады. Осыған орай, Ақмола облысында шектеу шаралары бүгін кешкі сағат 19-00 бастап енгізіледі. Осы уақыттан кейін барлық сауда орталықтары мен қызмет көрсету орындары жқмыстарын тоқтатады. Сондай-ақ, транзиттік автомобильдер, азық-түлік және ең қажетті тауарларды тасымалдаушы жүк көліктерінен өзге барлық машиналарға кіруге және шығуға тыйым салынады.

Алматы облысында да шектеу шаралары күшейе түседі. Мұнда автовокзал, әуежайлар, тамақтану орындары және басқа да ұйымдар жұмысы тоқтатылды.  Азық-түлік дүкендері мен дәріханалардың жұмыс уақыты 08.00-ден 20.00-ге дейін, екінші деңгейлі банктер, пошта байланысы және жеке нотариус қызметтері - 10.00-ден 16.00-ге дейін шектелді.

Сонымен қатар, бүгін түнгі 21-00-ден бастап Шымкентте қосымша шектеу шаралары енгізіледі. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов видеоүндеуінде айтты.  Енді көліктерге қаладан шығуға және кіруге тыйым салынады. Сондай-ақ, Шымкент тұрғындары маска тағып жүру міндеттеледі.

Ал Жамбыл облысында ірі сауда орындары мүлдем жұмысын тоқтатты. Мұнда бөлшек сауда орындары тек сағат 17-00 дейін ашық болады.

Солтүстік Қазақстан облысында шектеу шаралары 1 сәуірден бастап енгізіледі. Осыған орай Петропавл қаласы шекарасында блокпосттар қойылды. Жергілікті түрғындарға тек қажеттілік туындаған жағдайда ғана жүруге рұқсат етіледі.

Павлодар облысында да 1 сәуірден бастап қосымша қауіпсіздік шаралары қолға алынады. Осылайша, сағат 00:00-ден бастап облыс аумағы бойынша 9 блокпост қойылады, кез келген көлік құралымен шекаралас облыстарға/шекаралас облыстардан жолаушыларды тасымалдауға, облыс ішіндегі елдімекендер арасында кез келген көлік түрімен жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады, 22.00-ден кейін тұрғындардың пәтерден, үйден шығуы шектеледі.

 

Фото: ibirzha.kz