Әлемде коронавирус белең алып барады

Әлемде коронавирус белең алып барады

Әлемде 722 мыңнан астам адам коронавирус індетіне шалдыққан. 152 мыңнан астам адам сауығып шыққан. Ал  АҚШ – COVID-19 дерегі ең көп тіркелген ел.  Мұнда бүгінгі күні 142 мыңнан астам адам вирус жұқтырған. Өз кезегінде Италияда 98 мыңға жуық науқас тіркелген. Одан кейінгі орындарда Испания, Германия және Франция елдері.

Сонымен бірге Қытай елде коронавирустық эпидемияны тоқтатқаны туралы хабарлады. ҚХР Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің мәлімдемесіне сай елде короновирус індетіне шалдығу тіркелмеген. Алайда олар елге оралушы азаматтар арасында вирусты тасымалдаушы болуы мүмкін деген деректі жоққа шығармайды. Өткен тәулікте елде коронавирус індетіне шалдыққан 30 науқас тіркелген. Олардың барлығы шетелден келгендер. 

Жалпы, қазіргі уақытта ел азаматтары «ауру белгілері байқалмайтын науқастарға» қатысты қатты алаңдап отыр. Мамандардың сөзінше, науқаста және онымен тығыз байланыста болған азаматтарда ауру белгілері 2 аптадай білінбейтін көрінеді. Инфекция тек арнайы тексеруден өткеннен кейін ғана анықталады.

ЧЖУН НАНЬШАНЬ, ПУЛЬМАНОЛОГ:

Қазір Қытайдың өзге қалалары мен провинцияларында өлім көрсеткіші 0,9-1 процентті құрайды. Сондықтан ауру белгілері байқалмайтын науқастар өте аз дер едім. Мұндай азаматтар вирусты өзгелерге жұқтырып, дертке шалдығу көрсеткішін одан сайын нашарлата түсуі мүмкін. Дегенмен, қазір бұл көрсеткіш төмендеп келеді. Кей өңірлерде тіпті нөлге жақындаған. Сол себепті бұл аса күрделі мәселе емес дер едім.