Әлемде коронавирустан көз жұмғандар саны артып барады

Әлемде коронавирустан көз жұмғандар саны артып барады

Әлемде коронавирустан өлім-жітім көрсеткіші өсіп барады. АҚШ-та көз жұмғандар саны үш күн ішінде он есеге артқан. Хопкинс университетінің мәліметінше, елде инфекция 1 мыңнан аса адамның өмірін қиған.

Коронавирустан ең көп кісі өлімі Италияда тіркеліп отыр. Қауіпті инфекциядан мұнда 7 мыңға жуық адам көз жұмған. Эпидемиологиялық ахуалдың күрделене түсуіне байланысты Италиядағы карантин 31 шілдеге дейін сақталады. Алайда жағдай оңалып жатса, шектеу одан да ерте алынып тасталуы мүмкін. Ал Испанияда індеттің таралуына байланысты жоғары дайындық режимі тағы 15 күнге 11 сәуірге дейін ұзартылды. Вирустан көз жұмғандар саны бойынша Испания Еуропа елдерінің ішінде Италиядан кейін екінші орында. Бүгінде ресми ақпарат бойынша, елде 48 мыңға жуық адам науқастанса, 3400-ден аса адам қайтыс болған. Ал Ұлыбританияда коронавирусты жұқтырудың 8 мыңнан астам жағдайы тіркелді, 400-ден аса адам індеттен көз жұмды.

Оңтүстік Кореяда коронавирустан айығудың рекордтық көрсеткіші тіркелді. Бұл елде 414 адам инфекциядан емделіп шыққан. Сондай-ақ, бір тәулік ішінде елде коронавирус жұқтырудың 104 жағдайы анықталды. Жалпы, Оңтүстік Кореяда вирусты жұқтырғандар саны 9 мыңнан асып, 131 адам көз жұмды, деп хабарлады елдің Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы ауруларды бақылау және оның алдын алу орталықтары ұйымы. Ел билігі эпидемологиялық қауіптің күшеюіне байланысты Тэгу қаласы мен Кёнсан-Пукто провинциясындағы үш қаланы апат аймақ деп таныды.

Ал Қытайда, тәулік ішінде сырттан келген 67 адамнан COVID-19 анықталған. Қытай Халық Республикасының денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі мемлекеттік комитетінің ақпаратына сәйкес, елде коронавирустың жаңа типі 81 мыңнан аса адамда қуатталған, оның 4 мыңға жуығы ем қабылдауда, 3287 адам көз жұмған.

Еске салсақ, ДДСҰ 11 наурызда коронавирустың таралуын пандемия деп жариялады. Соңғы мәліметтерге сәйкес, бүкіл әлемде инфекция 430 мыңнан аса адамда қуатталған, 20 мыңға жуығы қайтыс болды.

 

Фото: dw.com