ДДСҰ COVID-19 пандемиясының тез таралып жатқандығын мәлім етті

ДДСҰ COVID-19 пандемиясының тез таралып жатқандығын мәлім етті

Коронавирус пандемиясы күшейіп барады. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус мәлім етті.

Ұйымның мәліметінше, әлемде COVID-19 жұқтырғандардың саны 300 мыңнан асады. Ал қайтыс болғандар қатары 15 мыңнан жоғары. Коронавирустан көз жұму жағдайлары барлық дерлік мемлекеттерде тіркелген.

«Пандемия белең алып келеді. Бірінші тіркелген жағдай мен 100 мыңыншы науқастың арасында 67 күн өтті, 11 күнде науқастар саны 200 мыңға жетті, ал 4 күнде 300 мың болды», - деді ДДСҰ басшысы.

Италия Еуропада індет жұқтырғандардың саны бойынша көш басында. Республикада 59 мыңнан астам адам вирусқа шалдыққан, 5 мыңы көз жұмған. Италияның министрлер кабинетінің басшысы Джузеппе Контенің мәлімдеуінше, COVID-19 одан әрі таралады, ал ауруды жұқтырғандар саны күн сайын арта береді.

Испания – коронавирустың таралуы бойынша Еуропадағы екінші мемлекет. Елде вирусты жұқтырудың 33 мың жағдайы тіркелді, 2 мыңнан аса адам қайтыс болды.

Францияда бір тәулік ішінде коронавирус 186 адамның өмірін жалмаса, көз жұмғандар саны 860-қа жетті, ал ауру жұқтырғандар 20 мыңнан асады.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон COVID-19 таралуына байланысты елде енгізілген маңызды шектеулер туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, британдықтар енді үйде отыруға міндетті, далаға тек қажетті және нақты келісілген жағдайларда ғана шығады. Жексенбіден бері Англияда тағы 46 адам індеттен көз жұмған. Бұл елде 84 мыңға жуық талдау алынса, оның 6,5 мыңнан астамы расталды.

Оңтүстік Кореяда коронавирус жұқтырғандардың саны 9 мыңнан асты. Ал Қытайда індетке шалдыққандар қатары азайып келеді, қазіргі кезде ауруханаларда 4 735 адам жатыр, ал ауырған адамдардың 90% сауығып шыққан.

ҚХР денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі мемлекеттік комитетінің мәліметтері осыны дәлелдеп отыр.

Сонымен қатар Нигерия, Зимбабве және Эфиопия сынды Африка елдері коронавирустың таралуымен күресу мақсатында шекараларын жабатындарын мәлім етті.

 

Фото: zakon.kz