Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 35 адамға жетті

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 35 адамға жетті

Алматыда тағы екі адам коронавирус жұқтырған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі кезде Қазақстанда 35 адам Covid-19 індетіне шалдыққан. Оның ішінде Алматыда – 17 және Нұр-Сұлтанда – 18 жағдай тіркелген.

Айта кетейік, бүгін түн жарымда Қазақстанның екі мегаполисі карантинге жабылады. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына кіру мен шығу шектеледі. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының аумағына адамдардың кіруін/шығуын шектеу келесі санаттағы тұлғалар үшін қолданылмайды: бұған дейін қаладан шығып кеткен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының тұрғындары және өзге өңірлерден және мемлекеттерден қалаға оралған жағдайда; емделу үшін шетелге шығатын азаматтарына, олардың денсаулық сақтау мекемелерінің растаушы құжаттары болған жағдайда; бұған дейін шет мемлекетінің аумағына шығып кеткен азаматтар Қазақстанға оралған жағдайда. Ал эпидимеиологиялық ахуалы күрделі елдерден келгендер коронавирусқа тексеруден өткізіледі. Айта кетейік, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының маңындағы елді мекендердің тұрғындары жұмысқа еш кедергісіз жете алады.

Карантинге байланысты ірі сауда, ойын-сауық орталықтары өз жұмысын тоқтатады. Тек дәріханалар мен азық-түлік сататын дүкендер ғана ашық болады.

Фото: zakon.kz