16 наурызда қазақстандық студенттер онлайн-оқуға көшеді

Коронавирустың алдын алу мақсатында 16 наурыздан бастап еліміздің колледждері мен жоғары оқу орындары қашықтықтан оқыту жүйесіне көшеді. Бүгінгі таңда тек Еуразия ұлттық университетінде 20 мыңға жуық студент онлайн режимде оқуды бастайды. Осы мақсатта оқытушылар студенттер үшін бірнеше электронды жүйелерді қолдана отырып, дәрістер мен тапсырмаларды жазып береді. Алайда оқушылар үшін оқудың мұндай түрі жаңалық емес екен.

ТӨЛЕГЕН МҰҚЫШЕВ Л.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ ОҚЫТУШЫСЫ:

 - Оқыту форматы әрине жақсы, өйткені ол оқытушыға курсты жазып алуға мүмкіндік береді. Студенттер кез келген уақытта үйде дәрістерді қайта қарап, қосымша білім алуға мүмкіндіктері болады. Оның үстіне ақпаратты қайталайды.

САУАЛНАМА:

 - Дұрыс қабылдадық. Ол халықтың денсаулығы, өзімізге керек нәрсе.

-  Бір жағынан, әрине, бізге қиынға соғады. Себебі барлық тапсырмаларды біз өзіміз үйде жеке оқуымыз керек. Барлық ақпаратты өзіміз іздеп, үй тапсырмаларын орындауымыз керек. Оның барлығын электронды түрде оқытушыға жіберуіміз керек. Бұл үрдіс белгілі бір қиындықтарды туғызуы әбден мүмкін. Дегенмен артықшылықтары да бар. Бос уақытымыз болады.

Коронавирусқа қатысты алдын алу шаралары барлық білім беру мекемелерінде де қолға алынды. Мектеп оқушылары демалысқа мерзімінен бұрын шығып, студенттер онлайн оқытуға көшіп жатқанымен, балабақша тәрбиеленушілері үшін өзгеріс жоқ. Олар балабақшаға бұрынғыша бара береді, дегенмен ата-аналарға қатысты тәртіп күшейді: топқа кіруге, бетпердесіз келуге болмайды.  

МЕҢДІГҮЛ ҚАНИЕВА, «БАЛАПАН» БАЛА-БАҚШАСЫНЫҢ  ДИРЕКТОРЫ:

-  Бұл – ең алдымен ата-аналармен жүргізілетін жұмыс. Ата аналардың баланы алып келгенде немес алып кеткенде бетперде тағуы қатаң талап етіледі.

Ата-аналар, бұл жаңашылдықты жақсы қабылдады. Өйткені ең бастысы – балалардың қауіпсіздігі.

Фото: news.itmo.ru