Қазақстанда Covid-19 дерегі 1 апта көлемінде расталуы мүмкін

Қазақстанда Covid-19 дерегі 1 апта көлемінде расталуы мүмкін

Қазақстанда  Covid-19 дерегі  наурыздың 11 мен 16 аралығында анықталуы мүмкін. Бұл туралы елордада өткен брифинг барысында еліміздің Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді. Оның айтуынша, еліміз вирус жаулаған елдердің қақ ортасында орналасқан. Сондықтан өзге мемлекеттерден келген кез келген азаматтан инфекция шығуы әбден мүмкін. Қазіргі таңда еліміздің ғалымдары анализдерді зерттеп, анықтау үстінде. Егер инфекция расталар болса, тиісті шаралар бірден енгізіледі.  

ЖАНДАРБЕК БЕКШИН, ҚР БАС САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:

 - Біз қазір ағымдағы жағдай бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Әрине болжам жасаймыз. Болжам – нақты ақпарат деген сөз емес. Десек те біз барлығын бақылауда ұстап, дайындалудамыз. Біз қазір коронавирус жаулаған елдердің ортасындамыз. Сондықтан бізде пайда болады. Бұл әрине нақты емес. Біздің ғалымдар анықталуы мүмкін деген болжам айтуда. Ол 10 наурыз болуы мүмкін, ол 16 наурызда шығуы мүмкін. Тағы да айтайын, бұл – болжам. Болжам деген орындалуы да мүмкін, орындалмауы да. Сіздер сұрадыңыздар, мен жауап қаттым.

Бүгінгі күні Қазақстанда 703 адам карантиндік бақылауда. 167 адам үй қарамағында және олардың барлығы – Италиядан келген азаматтар.

Сондай-ақ мамандар қазіргі таңда Қытайдағы жағдай тұрақталып, керісінше Еуропада коронавирустың таралуы жиілегендігін айтады. Осы себепті Қазақстан бірінші санаттағы Италия, Қытай және Оңтүстік Корея мемлекеттерінен келіп-кетуді толық тоқтатты.

Авторы: Ақзер Сегізбаева 

Фото: qazaqtimes.com