Қазақстан коронавирустық инфекция бойынша қолайсыз елдердің жаңа тізімін жасады

Қазақстан коронавирустық инфекция бойынша қолайсыз елдердің жаңа тізімін жасады

Қазақстан коронавирус тіркелген елдерден келген азаматтарды бақылауды жалғастыруда. Еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин COVID-19 коронавирустық инфекция бойынша қолайсыз елдердің жаңа тізімін ұсынды.

Осыған сәйкес, А бірінші санатына бұрынғыдай Қытай, Иран, Оңтүстік Корея елдері жатады. Осы елдерден келгендер арнайы дайындалған медициналық мекемелерде 2 апта ішінде карантинге орналастырылады.

Бірінші В категориясында тек Италия қалды. Бұл елден келген адамдар үйде 2 апталық карантинде болады. Бірақ ол отбасымен аз қарым-қатынаста болып, жеке бөлмеде оқшаулануы тиіс.

Германия мен Испания болса, екінші санатқа жақтызылған. Бұл жерде де адам үйде карантинде, отбасымен қарым-қатынаста және дәрігердің бақылауында болады.

Ал үшінші санатта Гонконг, Швеция, Жапония, Таиланд, Біріккен Араб Әмірліктері, Франция, Малайзия, АҚШ, Сингапур, Кувейт, Бахрейн, Ирак, Ұлыбритания, Швейцария елдері. Бұл елдерден келгендердің денсаулығын  дәрігерлер телефон арқылы біліп отырады.

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінгі таңда 3676 адам бақылауға алынған. Қосымша бақылау үшін ауруханаға түскен барлық науқастардан алынған сынамалар Алматы қаласындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығына жіберілді. Дәл сол жерде коронавирусты диагностикалау әдістемесі игерілген.

Бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирус инфекциясы тіркелген жоқ. Дәрігерлер адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болуға, жеке бас гигиенасын сақтауға, бет пен қолды жиі сабынмен жууға кеңес береді. Егер суық тию белгілері байқалған жағдайда тұрғылықты мекен-жайы бойынша ауруханаға бару керек. Барлық сұрақтар бойынша қазақстандықтар тәулік бойы жұмыс істейтін Call-орталығына 1406 нөміріне қоңырау шала алады.

Фото: centralasia.media