Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтың коронавирус жұқтырғаны расталмады

Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтың коронавирус жұқтырғаны расталмады

Оңтүстік Кореядағы Қазақстан азаматы коронавирус жұқтырды деген мәлімет расталмады. Оның бойынан індеттің белгілері анықталмаған. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігі хабарлады. Еске салайық, кеше әлеуметтік желілерде Оңтүстік Кореядағы отандасымыздан қауіпті вирус анықталды деген ақпарат тарап, оның дәрігерлерден қашып жүргені және бұл мәліметті жергілікті полиция қызметкерінің хабарлағаны айтылған еді.

Елшілік өкілдері мән-жайды саралап, Қазақстан азаматының ауру жұқтырмағанын анықтады. Ол тек бірнеше күн бұрын коронавирусқа шалдыққан азаматпен қоғамдық орында болып, жергілікті дәрігерлердің бақылауына алынған.  Азаматымыздың хал-ахуалы жақсы және қосымша ем-дом қажет етпейді, дейді министрлік өкілдері.

АЙБЕК СМАДИЯРОВ, ҚР СІМ РЕСМИ ӨКІЛІ:

 - Тесттен өтпеген. Ешқандай клиникалық белгілері байқалмаған. Сол отырған асханада басқа біреулер коронавирус жұқтырғаннан кейін барлығын тексеріп жатыр екен. Жағдайы жақсы, үйінде. Ынтымақтасуға дайын.

Фото: tengrinews.kz