Елжан Біртанов: Қазақстанда коронавирус тіркелген жоқ

Елжан Біртанов: Қазақстанда коронавирус тіркелген жоқ

Қазақстанда коронавирус дерті тіркелген жоқ. Бұл туралы елордада өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Оның айтуынша, департамент белсенді түрде профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда. Қытай Халық Республикасымен шекарада қарқынды санитарлық тексеру жұмыстары жүргізілуде, сонымен бірге аспан асты елінен келушілердің барлығы жедел түрде бақылауға алынуда.

Сонымен қатар министрлік қауіпті індет елімізде анықталған жағдайда сақадай сай екендіктерін хабарлады. Қазірдің өзінде еліміздің медициналық мекемелерінде қосымша 5 мыңға жуық арнайы төсек орындары, бетперде, медициналық және дезинфекциялық құралдар сатып алынды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда ведомствоаралық комиссия қауіпті вирус өршіп тұрған Қытайдан азаматтарын эвакуациялауда.

АЙБЕК СМАДИЯРОВ, ҚР СІМ-НІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

- Бүгін Қытайдағы қазақстандық дипломаттардың күшімен аспан асты елінен 217 қазақстандық азамат шығарылды. Олар Қытайдың 36 қаласынан, негізінен студенттер мен сол жерде уақытша тұратын азаматтардан эвакуациясы жүргізілді. Жақын арада, яғни 12 ақпанда тағы 100 адамды алып кететін самолетті жіберуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Қытай тарапының өтініші бойынша біз кеше кешкісін Қазақстаннан Қытайға ұшқан тағы 45 қытай азаматын осы бортқа отырғыздық. Елшіліктің сенім телефоны жұмысын жалғастыруда, Қытайда тұратын барлық азаматтар бізбен байланыса алады, біз барлығымен байланыста болуға тырысамыз.

Авторы: Ақзер Сегізбаева 

Фото: sputniknews.kz