Елордада зертханалық сынақ орталығы ашылды

Елордада жыл сайын 7000-нан астам дәрілік заттар мен медициналық құралдардың ғылыми зерттеуі мен сараптамалары жүргізілетін болады. Нұр-Сұлтан қаласында зертханалық сынақ орталығы таныстырылды.

Кешен әлемдік стандарттар бойынша салынған. Оның жұмысымен республиканың денсаулық сақтау министрі мен халықаралық сарапшылар танысты. Соңғы заманауи құрылғылармен жабдықталған аталмыш зертханада отандық және шетелдік дәрі-дәрмектердің тиімділігі, қауіпсіздігі мен сапасына микробиологиялық, физикалық-химиялық зерттеулер жүргізілетін болады.

Айта кетейік, бұл елдегі дәл осындай форматтағы жетінші зертхана.

ЕЛЖАН БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

- Біздің міндетіміз барлық қазақстандықтарға дәрі-дәрмектердің қауіпсіздігі барлық жағдайларда қамтамасыз етілетінін көрсету. Соның ішінде тіркеу кезінде де, сертификаттау кезінде де, келесі партияны әкелу кезінде. Сондай-ақ күмән туындаған жағдайда да, қандай да бір жанама әсерлердің бар екенін көрсету үшін міне осы зертханалардың тексеріс жұмыстарын пайдаланамыз. Бұған дейін барлығы елімізде 6 зертхана болса, енді тағы бірі іске қосылды. Көріп отырғандарыңыздай, ол барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Біз қазір аккредитациядан өтуді жоспарлап отырмыз, ол үшін біздің халықаралық әріптестеріміз осында келді.

ЧИНАРА МАМБЕТАЛИЕВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ ӨКІЛІ:

- Бұл орталық зертхана болады деп ойлаймыз. Қазақстан бойынша мұндай бірнеше зертхана бар. Орталықтарымыздың арасында тығыз және өзара тиімді ынтымақтастық болғанын қалаймыз. Сондай-ақ ортақ дәрілік заттар айналымын реттеудің әртүрлі бағыттары бойынша тереңдетуге және дамытуға үміттенеміз.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: inform.kz