Бішкекте Қазақстан медицинасының күндері өтіп жатыр

Бішкекте Қазақстан медицинасының жетістіктері таныстырылуда. Қос республиканың дәрігерлері мен ғалымдары өз тәжірибесімен бөлісу үшін бас қосты. Тараптар медициналық жетістіктер, денсаулық саласындағы инновациялар мен білікті мамандарды дайындау мәселелерін талқыға салды.

ЕЛЖАН БІРТАНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

 - Елбасы денсаулық сақтау, ғылым және білім беру салаларына бөлінетін қаржыны елдің жалпы ішкі өнімінің 10 пайызына дейін арттыру міндетін қойған болатын. Ал биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін денсаулық сақтау саласын қаржыландыру қазіргі 3,2 проценттен 5 процентке дейін артатынын мәлімдеді. Бұл қаражаттың 60 проценті саланың бастапқы буыны және аурулар профилактикасына бағытталады.

Қырғызстандық тарап Қазақстанның тәжірибесіне қызығушылық танытуда. Өйткені технологиялық жағынан еліміздің денсаулық сақтау саласы анағұрлым дамыған.

Сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың арқасында дәрігерлік қызмет Қазақстанның әр тұрғынына қолжетімді. Жалпы Қырғызстан тұрғындары емделу үшін Қазақстанға жиі қатынайды.

КОСМОСБЕК ЧОЛПОНБАЕВ, ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

 - Азаматтарымыз емделу үшін Қазақстанға баратыны рас. Экономикалық жағынан қарасақ, мұның тиімді тұстары да бар. Сол себептен бірге тығыз еңбек етіп, бір-бірімізді толықтыруымыз қажет деп ойлаймын.  

Осындай деңгейде ұйымдастырылған екіжақты шара денсаулық сақтау саласын дамытудың басты бағыттарын белгілеуге мүмкіндік береді.

Фото: strategy2050.kz