Нұр-Сұлтанда «Digital Health Astana» атты көрме өтті

Отандық ғалымдар адамды инсульттан кейін оңалтуға арналған экзоқаңқа ойлап тапты. Бірегей инновациялық жоба Елордада өтіп жатқан «Digital Health Astana» атты көрмеде таныстырылды.

Интеллектуалды роботталған жүйе науқастардың тірек қимыл жүйесін қалпына келтіруге бағытталған. Бір топ ғалымның өнертабысы негізінен инсульт алған және төтенше жағдайдан жапа шеккен жандардың қозғалысын ретке келтіру үшін аса қажет құрал, дейді мамандар. Жүйе компьютерлік интерфейс пен графикалық сәйкестендіргіш арқылы жұмыс жасайды.  

БЕЙБИТ АБДИКЕНОВ, IT-КОМПАНИЯ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бұл – бір топ ғалымның ұсынған кешенді шешімі. Мұнда жасанды ақыл-ой, бағдарламалық жасақтама, робототехника мен электроника бар. Біз бұның бәрін бір мақсатқа бағыттадық. 2021 жылдан қазақстандық нарыққа шығамыз. 2024 жылға дейін шамамен 400-500 ақылды қондырғы шығару жоспарланған. Біз Қазақстанның сұранысын қанағаттандырып, кейін Үндістан және Еуропа нарығына шығуды көздеп отырмыз.

Айта кеткен жөн, ерекше IT-жоба көрмеге қатысқан ірі халықаралық және отандық компаниялардың арасында үздік деп танылды.

Сондай-ақ ғылыми жұмыс БҰҰ құрған әлемнің 20 үздік инновациялық жобаларының қатарына кірді. Шетелдік сарапшылардың айтуынша, бұл – елдегі цифрлық саясаттың айқын көрінісі.

ЛОРЕНЦО ПЕНГО, САРАПШЫ:

 - Мен Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру үрдісінің деңгейі жақсы деп бағалаймын. Қазақстан – денсаулық сақтау саласын толықтай сандық жүйеге көшіру үшін әлеуеті зор елдердің бірі. Бұл орайда аяқ алысы жаман емес деп санаймын.

Еске салайық, Елордадағы «Digital Health Astana» көрмесі «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында өтіп жатыр. Халықаралық жиын 300-ге тарта сала маманының басын қосты. Олардың 100-зі – Қазақстан мен ТМД елдерінің сарапшылары.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: yunews.kz