Еліміздегі қан құю орталықтарының қызметі еуропалық стандарттан кем түспейді

Қазақстанның қан құю орталықтарының қызметіне ешбір күмән келтіруге болмайды. Шетелдік сарапшылардың пайымы осыған саяды. Қазіргі таңда республикамызда 18 орталық жұмыс істеп тұр. Орталықтарда жүргізілетін зертханалық бақылау мен донор қанын өңдеу жөнінен АҚШ пен Еуропа елдерінің бірінен кем түспейді.

ГУЛАМ УМАРОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ҚАН ҚҰЮ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

-  Біздің стандарттар әлемдегі стандарттардың ең үздігі деп айтуымызға болады. Бізде біріңғай қан құрамын өндіретін жүйе қалыптасқан. Балаларға қажет тромбоциттердің құрамы мен лейкоз дертіне шалдыққан сырқаттарға қажет қанды өндіреміз. Одан өзге де дерттер бойынша қажет қан әзірлейміз. 

Қан доноры болуға кез келген адам жарай бермейді. Донордың денсаулығында ешбір кінәрат болмауы қажет. Қан сырқатқа құйылғанға дейін сан мәрте тексеруден өтіп барып ғана рұқсат етіледі.  

САНИЯ ӘБДРАХМАНОВА, ТРАНСФУЗИОЛОГИЯ ҒЫЛЫМИ-ӨНДІРІСТІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ең бірінші зертханалық зерттеулердің сапасына ерекше көңіл бөлінеді. ТМД аумағы бойынша біз біріншілердің бірі болып қан құрамын екі кезең бойынша тексеруге қол жеткіздік. Бірінші иммуноферментті бақылау жүргізіп барып, полимераздық реакция бойынша сынама жасалынады. Кей жағдайда иммуноферментті бақылаудан қан таза өткенімен, полимераздық  реакция бойынша инфекциялық дерттер анықталып жататын кездері болады. Ондай қан бірден жарамсыз деп танылады. Ол адамға тағы да қан тапсыруға рұқсат бермейміз.

Жыл сайын барлық қан орталықтарына орташа есеппен 270 мың донор келеді. Ал ауруханаларда күн сайын 5 мыңға жуық қан құю процесі жүргізіледі.

Фото: ktk.kz