Ресейлік дәрігерлер Қазақстанның медициналық қызмет көрсету саласындағы тәжірибесін үйренеді

Медициналық мекемелердің халықаралық аккредитациясын алудың қазақстандық тәжірибесі көптеген мемлекеттер үшін үлгі болды. Жақында елордаға Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің делегациясы келді. Көрші елдің мамандары медициналық қызметтердің сапасын басқару және науқастардың қауіпсіздігі мәселелерімен танысты, сондай-ақ республиканың бірқатар жетекші медициналық мекемелерінің жұмысын көрді, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

АНАТОЛИЙ ШАРОНОВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚАДАҒАЛАУ ЖӨНІНДЕГІ ФЕДЕРАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

-  Барлық медициналық ұйымдар ең заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталған. Мамандары да білікті. Сіздердегі цифрландыруды енгізу, денсаулық сақтаудағы ақпараттандыру мәселелері таңғалдырды. Міне, осы бағыттар бойынша қазақстандық денсаулық сақтау саласы алда деуге болады.

Медициналық ұйымдарды аккредитациялаудың ұлттық жүйесі Қазақстанда 2009 жылы қолданысқа енгізілген. Мамандардың айтуынша, ол барлық халықаралық талаптарға жауап береді. Бұған қоса, денсаулық сақтау сапасы жөніндегі халықаралық қоғамның қолдауын тапқан. Бұл стандарт халықтың сенімін арттырып қана қоймай, медициналық туризмді дамытуға да септігін тигізеді, дейді сарапшылар.

МАХАББАТ БЕКБОСЫНОВА, «ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ КАРДИОХИРУРГИЯ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бізге Еуропалық Одақ және Араб елдерінен, Ресейден, Украинадан 100-ге жуық кардиолог мамандар келді. Олар клиникалық жұмыс, кардиохирургиялық қызмет бойынша біздің тәжірибемізді меңгеруге қызығушылықтарын танытты. Сондай-ақ бізге интервенциялық кардиология, ритмология, кардиология бойынша алыс шетелдерден ғана емес, Қазақстанның барлық аймақтарынан да келеді.

Ал әлемдегі ең беделді аккредитациялық ұйым JCI-дың аккредитациясын алу үшін оның барлық талаптарына сай болу керек. Олар ұсынатын стандарттардың жалпы саны 1300-ден асады. Бүгінде Қазақстанда мұндай аккредитацияны 7 аурухана ғана алған. Олардың барлығы тұрақтағы ғимараттарынан бастап, қызметкерлердің қолдарын дұрыс тазалауына дейін тексеріліп бағаланды.  

БОТАГӨЗ ҚАУІПБАЕВА, «ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУДЫ ДАМЫТУ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» ШЖҚ РМК АККРЕДИТАЦИЯЛАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Медициналық туризмді дамыту үшін біздің клиникаларымыз халықаралық стандарттарға сай болуы керек. Қазір бізде енгізіліп жатқан стандарттар өзіміздің ұлттық стандарттармен бірдей. Бұл – Joint Commission International халықаралық стандарттары. Тәжірибемізге бұрынғы Кеңес Одағы мемлекеттерінің қызығушылығы өте жоғары. Қазір Әзербайжан, Тәжікстан және Қырғызстанмен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар Ресей тарапымен өзара іс-қимыл жалғастырылатын болады. Ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес, алдағы 3 жылда еліміздің медициналық қызмет көрсету сапасын басқару, сондай-ақ науқастардың қауіпсіздігі мәселелерінде белсенді тәжірибе алмасатын болады.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: kz.usembassy.gov