Қазақ-Өзбек достығы көркем фильмге арқау болмақ

Қазақ-Өзбек достығы көркем фильмге арқау болмақ

Өзбекстанда 20-шы ғасырдың басы мен ортасында болған шынайы оқиға желісі бойынша «Мирас» атты көркем фильм түсіріліп жатыр. Бұл кинотуынды қазақ пен өзбек халықтарының ежелден туысқандығын, берік байланысы  һәм достығын суреттейді. Кинокартинаға қазақ қызы мен өзбек жігітінің махаббаты арқау болған. Алайда Айгүл есімді кейіпкер тағдырдың тәлкегімен сүйіктісіне қосыла алмай кетеді. Сонымен қатар Ясауи тариқаты, яғни Қожа Ахмет Ясауи негізін салған діни-сопылық мектептің рухани құндылықтары жайлы да баяндайды.

Хилол Насимов, режиссёр:

- Біз рөлдерге бірнеше белгілі қазақстандық актерді бекітіп қойғанбыз. Айгүлдің рөлін де қазақ актрисасы ойнауы тиіс еді. Алайда бұл өнер адамдары түсірілімге келе алмай қалды. Сол себепті бұл рөлдерді Өзбекстанда тұратын қазақтар сомдады.

Кинокартинадағы айдай көркем Айгүлдің рөлін қарақалпақ актрисасы Айсанем Юсупова сомдап шықты.

Айсанем Юсупова, актриса:

- Түсірілім басталмас бұрын сол замандағы қазақ қыздарын зерттей бастадым. Интернеттен ұлттық киімдердің үлгісін әрі қазақ келіншектерінің өзін-өзі ұстауына қатысты материалдар іздедім. Сол себепті Айгүлдің рөлін сомдау мен үшін қатты қиын болмады. Бұл фильмде басты кейіпкер талай қиындықты еңсереді. Әуелі сүйіктісімен қосыла алмай қалады. Кейін үш баласының бірі сырқаттанып, көз жұмады. Жолдасы соғысқа аттанып кетеді. Бұл да жығылған үстіне жұдырық болса керек.

Қазір Беларусь пен Қазақстандағы түсірілім жұмыстары қалған. Бірақ пандемия салдарынан түсірілім тобы біздің елге келе алмай отыр екен.

Хилол Насимов, режиссёр:

- Пандемия біздің жұмысқа кедергі болды. Дегенмен Қазақстанға барып, түсірілімді аяқтаймыз деген үміттеміз. Әлі Түркістандағы Ахмет Ясауидің кесенесінде және аюмен түсіретін сценалар қалды.

Ал туынды келер жылдың басында экранға шығады деп жоспарланып отыр.

 

Фото: tvoyposter.ru


×