Абай шығармашылығы – рухани азық көзі

Абай шығармашылығы – рухани азық көзі

Әр жолы тұнып тұрған даналық! Қазақстанның белгілі актері, әнші Нұркен Өтеуілов - Абайдың қара сөздері мен поэиясын ұлағатты қазынам, өнегелі өрісім деп білетіндердің бірі. «Ойшылдың шығармашылығы өміріме рухани азық беріп, бағыт бағдар сілтеп келеді. Себебі оның даналығы шекарамен шектелмей, уақыт талғамайтын мәңгілік құндылыққа ие», - дейді ол. 

НҰРКЕН ӨТЕУІЛОВ, АКТЕР, ӘНШІ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Жалпы адамшылық туралының бәрін біз Абайдан табамыз. Жалпы адамның өмірге келген миссиясы деген не деген сұраққа Абайдың бүкіл шығармалары жауап береді. Біздің өмір сүруіміз, дұрыс жолда жүруіміз және имандылығымыз, әділеттілігіміз бен ақиқатқа жақындығымыз, шыншылдығымыз міне бәрі осының ішінде.

Қолы қалт етсе үйдің төрінен орын тепкен осы бір киелі кітапқа үңілу Нұркен Өтеуілдің бала күннен әдеті. Ол Абай Құнанбайұлының 100 жылдық мерейтойына орай шыққан ақынның толық шығармаларының жинағы. Кітап 70 жылдан астам уақыт бойы әулеттің атадан балаға тарайтын асыл мұрасы болып келеді. Кезінде атасы Өтеғұл немерелерінің жетесіне жеткізуге тырысқан дүниені бүгінде екі ұлыма сіңіруге тырысам дейді актер.

НҰРКЕН ӨТЕУІЛОВ, АКТЕР, ӘНШІ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Бес дұшпан мен бес асыл істі санамызға сіңірді. Ол кезде баламыз көп түсінбедік.  Кейін келе Абайдың әлеміне кірдік. Өзім актер болғаннан кейін сахнада Абайды сомдадым. Қазірдің өзінде осы кітаптың маған әсері мол болды. Қазір мен уақыт тауып балаларымды отырғызып қойып сол атамның маған берген дәрісі сияқты түсіндіремін шамам жеткенше.

1945 жылы жарыққа шығып, сұраныстың көптігінен  араға үш жыл салып қайта басылған жинақта Абайдың өлеңдері, қара сөздері мен аудармалары түгел қамтылып, хронологиялық жүйеде берілген. Бүгінгі таңда бірегей кітап екінің бірінің қолына түсе бермейтін сирек қазынаға айналды.  Еліміздің басты рухани азық мекені - Ұлттық академиялық кітапхана қорының өзінде бес-ақ данасы бар.

ДИНАРА КІНАБАЕВА, ҰАК ПАЙДАЛАНУШЫЛАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ ҚЫЗМЕТІ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

 - Бұл өте сирек кезігетін кітаптардың бірі. Бізде кітапханада сирек кітаптар қоры бар. Сол қорда өзінің тәртібіне сай тиісті температурада сақталады, күтіледі. Сұраныс болған кезде өзінің ережесіне сай, тәртібіне сай ұсынамыз.

Айта кетейік, Абай шығармаларының толық жинағы, сондай-ақ ақынның өнегелі өмірі мен тағлымды туындылары шыққан өзгеде кітаптар және абайтанушылар мен ғалымдардың тың зерттеулерімен Kaznet.kz электрондық кітапханасында да танысуға болады. 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: islamsng.com


×