Қарақат Башанова Junior Eurovision гранд-финалына дайындалып жатыр

Ұлттық іріктеуде жеңіске жеткен Қарақат Башанова Junior Eurovision 18-халықаралық ән байқауына дайындалып жатыр. Дарындылар додасының өтуіне небәрі бір ай уақыт қалғанына қарамастан, шығармашылық топ 12 жасар өнерпаздың лайықты деңгейде өнер көрсетуі үшін тәулік бойы әзірлік жұмыстарын жүргізуде. Байқауда ол әкесіне арнаған «Forever» әнін орындайды.

АНДРЕЙ ХВАН, НОМЕР РЕЖИССЁРІ:

 - Номер әр көрерменге түсінікті болуы үшін тырысып жатырмыз, өйткені әніміз аздап қайғылы. Сондықтан көрерменнің жүрегіне жол тауып, оның мән-мағынасын жеткізу өте маңызды. Бұл бос ән емес, ол өмір туралы.

Балалар Евровидениесі байқауының талаптары бойынша компьютерлік графиканы қолдануға болмайды. Сондықтан декорация мен реквизитке ерекше мән берілді. Дизайнерлердің айтуынша, шынайылыққа қол жеткізу оңай түскен жоқ. Ол үшін ақ түс таңдалды. Қарақаттың костюмі де осы түстес. Орындаушының сахналық костюміне 12 метрлік делегейін тігіп шығу үшін бірнеше шебер бір апта еңбек еткен.

АНАРБЕК ЖӘРДЕМОВ, СТИЛИСТ:

 - Қорқыныш жоқ. Жеңіске деген ұмтылыс бар. Өйткені дайындығымыз керемет, халықаралық деңгейде десек те болады. Күрделі бәсекелестікке дайынбыз. Байқауға сақадай саймыз.

Қарақаттың өзі де жеңістен дәмелі.

ҚАРАКАТ БАШАНОВА, JUNIOR EUROVISION ГРАНД-ФИНАЛЫНЫҢ КОНКУРСАНТЫ:

– Сахна, қойылым және декорация, бәрі-бәрі көңілімнен шықты. Нағыз кәсіпқойлармен жұмыс істегеніме қуаныштымын. Лайықты өнер көрсетуге бар күшімді саламын.

Танымал ән байқауының гранд-финалы 29 қараша күні «Хабар» теларнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

 

Фото: instagram.com


×