Карантиннен театрлардың кірісі төмендеп кетті

Карантин кезінде театрлар мен концерт залдарының қызметіне сұраныс екі есеге төмендеп кетті. Салдарынан шығармашылық, өнер және ойын-сауық мекемелерінің бірінші жарты жылдықтағы табысы  21, 5 миллиард теңгеден асқан. Бұл өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда  17% төмен. Finprom.кз сарапшыларының есебіне сүйенсек, саладағы мұндай құлдырау соңғы 5 жылда болмаған. 

Мәселен, Астана- опера театры карантин кезінде 70 шақты жоспарланған іс шарадан бас тартуға мәжбүр болған. Жобалардың барлығы кейінге шегерілді. Ал бірқатар спектакльдердің премьералары келесі маусымға шығады деп жоспарланып отыр. Қыркүйек айында әртістер қалыпты режимдегі жұмысқа қайта оралды. Бірақ, карантин кезіндегі спектакльдердің құрылымы өзгерген. Қазір әртістер саны мейлінше аз қойлымдарға басымдық беріледі. Әрбір дайындықтың алдында кварц қосылып, сахна арнайы сұйықтықпен жуылады. Бұдан бөлек, мекеменің өз медициналық қызметкері бар. Ал қызметкерлер екі топқа бөлініп жұмыс істеп жатыр. Көрермен саны да шектеулі: олар орынның 50% -ін ғана толтыру шарт. Дегенмен, мұның бәрі  жарты жылға жуық жабық тұрған театр ұжымының жұмыстарына деген ықыласына кедергі болған жоқ.

ВИКТОР КАРАРЕ, «АСТАНА ОПЕРА» МЕМЛЕКЕТТІК ОПЕРА ЖӘНЕ БАЛЕТ ТЕАТРЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Сегізінші маусымды біз өзіміз үшін тосын, бірақ қазіргі ахуалға сай форматта бастадық. Барлық әртістеріміз   алғашқы 50 көрерменді асыға күтті. Себебі сахналық қойылымдар үшін ауқымды жұмыс жасалды. Олар  балет, кордебалет солистеріміз, опера әртістері мен хордың ерен  еңбегі. Сондықтан осы қойылымдардың сахнаға шығатын күнін асыға  күттік.

 

Фото: 24.kz