«Астана Опера» театрының жаңа маусымы: балет труппасы көрерменмен қайта қауышты

«Астана Опера» театрының жаңа маусымы: балет труппасы көрерменмен қайта қауышты

Өткен демалыс күндері «Астана Опера» театрының жаңа маусымы әлемдік хореография жауһарларымен ашылды. Көрермендер назарына «Аққу көлі», «Париж Құдай анасының соборы», «Корсар» сахналық қойылымдарынан  үзінділер мен «Заман тынысы», Steppe Sons, «Қорқыт» балеттерінен дуэттер ұсынылды. Сондай-ақ, «Шахерезада» бір бөлімді балеті кештің көркін аша түсті. Балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың сөзінше, карантин талаптарын жеңілдеткен соң ғана барлық санитарлық нормаларға сәйкес әртістер залда бар күшімен дайындықтарын бастай алды.

«Керемет сахнамыз бен көрермен қауымды қалайша сағынғанымызды сөзбен айтып жеткізу қиын. Балет маусымының ашылуы баршамыз үшін үлкен қуаныш. Маусым жарқын әрі мазмұнды, мәнді, ең бастысы жемісті болсын», - деп тілегін білдірді Алтынай Асылмұратова.

Қойылымға коронавирус індетімен күресіп жүрген дәрігерлер шақырылған. Ақ халатты абзал жандар театрдың қайырымдылық бағдарламасы аясында осы және келесі айда «Астана Опера» шараларына қонақ болады. Салтанатты шығыс нақыштары мен құштарлыққа толы махаббат оқиғасы залдағы бірде-бір көрерменді бей-жай қалдырған жоқ. Декорациялары мен костюмдерін көрермен қауым толықтай бағалай алды.

«Біз балет труппасының орындаушылық өнеріне қайран қалдық: әуелей ұшқан балериналар, тартымды балет әртістері шеберлігін, әртістілігі мен керемет өршілдігін паш етті. Бишілердің мұндай дағдысы, жоғары кәсібилігі балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың ерен еңбегі екендігі сөзсіз. Біз карантинге дейін «Астана Операның» спектакльдеріне үнемі келіп тұратынбыз, театр құрылғалы бері жетекші солистердің даму жолын бақылап келеміз, бұл ретте әрбіреуінің шығармашылық тұрғыдан өскенін атап өтпеске болмас», - деп атап өтті ерлі-зайыпты Неля мен Кирилл Нам.

«Шахерезада» бір актілі балеті көрермендерін осындай ерекше әсерге бөледі. Қойылымдағы алтын құлдың партиясын «Астана Опера» театрының жетекші солисі Бақтияр Адамжан, шығыс сұлуы Зобеиданың бейнесін театр солисі Анастасия Заклинская ұсынды. Солистердің дарыны арқасында сахна нағыз таңғажайып ертегіге айналды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: 24.kz