«Рухани қазына» республикалық фестивалі басталды

«Рухани қазына» республикалық фестивалі басталды

Мәдениет ұйымдары мен қызметкерлерінің арасында III «Рухани қазына-2020» республикалық фестивалі биыл онлайн форматта өтуде. Оған қатысу үшін еліміздің 14 өңірінен 255 өтінім келіп түскен. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің хабарлауынша, байқауда басты номинациялардан бөлек, арнайы жүлделер қарастырылған.

«Мәдени-демалыс ұйымдарының қызметкерлерін қолдау мақсатында Темірбек Жүргенов, Ахмет Жұбанов, Ғазиза Жұбанова, Шара Жиенқұлова, Күләш Байсейітова, Рамазан Бапов, Өзбекәлі Жәнібеков, Ілияс Омаров атындағы арнайы жүлделер тағайындалды. Бұдан басқа, фестиваль аясында «Бір отбасы – бір кәсіп» атты арнайы жүлде табысталады. Бұл жүлдемен кітапханашы, музей және клуб қызметкері мамандығы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әулеттер марапатталады. Сондай-ақ, мәдениет ұйымдарының 29 жасқа дейінгі жас қызметкерлеріне арнайы «Жыл серпіні» атты номинация қарастырылған», - деп мәлім етті сала басшысы Ақтоты Райымқұлова.

Айта кетейік, «Рухани қазына» республикалық фестивалі 2018 жылдан бері мәдениет ұйымдары мен қызметкерлері арасында өткізіліп келеді. 2018-2019 жылдары байқауға еліміздің 17 өңірінен келіп түскен 200-ден астам өтінімнің ішінде 20 номинация бойынша үздіктер анықталған. Фестиваль еліміздің барлық мемлекеттік музейлері, кітапханалары, мәдени-демалыс кешендері, мәдениет үйлері, клубтар және мәдениет ұйымдарының қызметкерлері арасында өткізіледі.

Авторы: Ақзер Сегізбай

 

Фото: shanyraq.info