Нұр-Сұлтанда «Ұлы дала жүрегі» атты фотокөрме өтуде

Нұр-Сұлтанда «Ұлы дала жүрегі» атты фотокөрме өтуде

Елордада National Geographic фотографтарының ұйымдастыруымен «Ұлы дала жүрегі» атты фотокөрме өтуде. Экспозицияда қазақстандық және шетелдік фотографтардың 150-ден астам бірегей туындылары ұсынылған.

«Олардың арасында Джордж Стейнметцтен басқа, бүкіл әлемді таң қалдырған National Geographic фотографтары, атап айтқанда Антонио Политано, Никита Басов, Тұрар Қазанғапов бар. Сондай-ақ, белгілі отандық фотографтар, оның ішінде Батырлан Төлегенов, Александр Филипенко, Евгений Ткаченко, Айбек Аханов және басқаларының жұмыстары қойылған», - деп хабарлайды шара ұйымдастырушылары.

Фотосуреттерде елорданы тыныс-тіршілігі, іскерлік және мәдени өмірі, жарқын тұлғалары бейнеленген. Сонымен қатар, көрмеде спорт әлемі және Қазақстанның бас қаласының көрікті жерлері ұсынылған.

«Ұлы Дала жүрегі» фотокөрмесінің басты мақсаты - атақты шетелдік және отандық фотографтардың жұмыстары арқылы бүкіл әлемге Нұр-сұлтанның жан-жақты бейнесін көрсету», - дейді ұйымдастырушылар.

Бірегей фотосуреттерді елорданың ірі сауда ойын-сауық орталықтарының бірі «Хан Шатыр» маңындағы алаңда көруге болады. Сонымен қатар, фотосуретшілердің туындыларымен nursultankorme.kz сайты арқылы әлемнің кез-келген нүктесінен онлайн режимінде танысуға болады.

 

Фото: egemen.kz