Әлем таныған Абай

Әлем таныған Абай

Литва астанасы Вильнюс қаласында «Абай жинағы» оқу залы ашылды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрілігі баспасөз қызметі хабарлайды. Іс-шараға қатысқан Қазақстан Елшісі Виктор Темирбаев өзінің құттықтау сөзінде Еуропаның әйгілі ақыны Адам Мицкевичтің құрметіне аталған кітапханада Абай атындағы оқу залының ашылуының символизмін атап өтті. Абай әйгілі Вильнюс тұрғының шығармаларын ана тіліне аударған алғашқы шығыс ақыны болды. Осы тұрғыда, қазақстандық дипломат еуропалық мәдениетке баулу реформатор Абайдың ұмтылыстарының бірі болғанын және ол қазақ халқын Шиллер, Гете, Пушкин және Байронның еңбектерімен алғашқылардың бірі болып таныстырғанын жеткізді.

Сонымен қатар, қатысушылар бұл залды тек Литвада ғана емес, бүкіл Балтық өңіріндегі қазақ мәдениетінің «тартылыс орталығы» деп атады. Өйткені, Абайдың оқу залын ашуға дайындық барысында, Вильнюс кітапханасы мен Қазақстандағы ең көне кітапхана - Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық әмбебап кітапханасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Сондай-ақ, оқу залында осы жылдың соңына дейін елшілік жергілікті баспа үйімен бірлесіп Литва тілінде басылған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын және Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романының тұсаукесерін өткізбек.

Іс-шара аясында Литваның опера әншісі Раймонда Янутенайте және белгілі концертмейстер Нийоле Баранаускайте Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» және «Айттым сәлем, Қаламқас» сияқты танымал әндерін орындады.

Абай Құнанбайұлының есімі Анталия қаласының сәулет бейнесінде мәңгі сақталып қалмақ. Ұлы ақынның 175 жылдығына орай шаһардың қақ ортасында саябаққа Абай есімі беріліп, ақынның мүсіні бейнеленген ескерткіш тақтасы орнатылды.

«Ел мен елді, халық пен халықты Абай секілді ғұламалардың пікірлері жақындастарды. Сондықтан екі бауырлас жұрт ретінде саябаққа Абай Құнанбайұлының есімін беру – қазақ және түрік халықтарының рухани әрі мәдени жақындығын көрсететін маңызды іс-шара. Туыстас ұрпақтары ретінде оған құрмет біздің борышымыз»,- дейді Мұратпаша ауданы мэрі Үмит Уйсал.

Еліміздің Түркиядағы елшілігі, Анталия консулдығы, Қазақстан және Еуразия халықтарының достық пен мәдениет қауымдастығының бастамасымен өткен шарада Абайдың әндері мен оның өлеңдеріне жазылған әндер орындалды. Анталия тұрғындары мен қонақтарына түрік тіліне аударылған Абай шығармалары тарту етілді.

 

Фото: aikyn.kz