Қазақстандық фильмдер әлем нарығын бағындыруда

Қазақстандық фильмдер әлем нарығын бағындыруда

Қазақстандық екі бірдей фильм 42-ші Мәскеу халықаралық кинофестивалінің негізгі байқау бағдарламасына қатысады. Бұл – Жанна Исабаеваның «Тағдыр» және Ким Ки Дуктің «Растворяться» картиналары. Соңғы туынды - Қазақстан мен Оңтүстік Корея мамандарының бірлескен жұмысы. Ол бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, мінез-құлқы қарама-қайшы екі бойжеткен туралы баяндайды.

Айта кетейік, биыл 42-ші Мәскеу халықаралық кинофестивалінің негізгі байқау бағдарламасына 13 фильм енген. Оның ішінде Ресей, Үндістан, Түркия, Бразилия, Румыния, Израиль және Ұлыбритания режиссерлерінің жұмыстары бар.

Оңтүстік Кореяда өткен деректі фильмдер фестивалінде де қазақстандық картина ұсынылды. Фильм режиссері, бұған дейін Kazakh TV арнасында ағылшын тіліндегі жаңалықтардың редактор-дикторы қызметін атқарған  – Дмитрий Ли. Бүгінгі таңда ол Кореяның Инчхон қаласында тұрады. Қазақстандық Дмитрий Ли көрермен назарына 15 минуттық «Belong» -  «Менің тамырларым» деп аталатын ағылшын тіліндегі туындысын ұсынды. Фильмде автордың тарихи отанында өмір сүру тәжірибесі мен АҚШ, Испания, Украинадан келген шетелдіктердің бастан кешкен оқиғалары баяндалады.  

«Кореяға келгендердің көбі, өкінішке қарай, корей тілін білмейді. Мұнда мысалы, басқа елдердегідей ағылшынша сөйлеспейді. Кореяда корей тілін білмесеңіз, өте қиын. Сондықтан бірінші мәселе - тіл. Ал екіншіден, мәдени айырмашылық та бар»,-дейді режиссер Дмитрий Ли.

Сонымен қатар, қазақстандық режиссер Әділхан Ержановтың «Сары мысық» фильмі испаниялық Сан-Себастьяндағы 68-ші Халықаралық кинофестивальге қатысады. Көрсетілім «Zabaltegi Tabakalera» бөлімі аясында өтеді. Оған кинематографиялық мәнерліліктің жаңа тәсілдерін пайдаланған ізденімпаз авторлар ғана қатысатынын атап өткен жөн.

 

Фото: express-k.kz