Бүгін Халықаралық бейбітшілік күні

Бүгін Халықаралық бейбітшілік күні

Бейбіт әлем құру –  ортақ мүдде! Бүгін әлем елдері бейбітшілік күнін атап өтуде. Жыл сайын бұл игі шара 21 қыркүйекте Бейбітшілік қоңырауы жанында ұйымдастырылып, салтанатты рәсім БҰҰ Бас хатшысының арнау сөзімен басталады. Дәстүрлі шараның биылғы «Бейбітшілікке бірге қол жеткіземіз» атты ұраны Біріккен Ұлттар ұйымының құрылу мақсатын  барынша танытады. Дәстүрлі  үндеуде бас хатшы Антониу Гуттериш  жаһанды жайлаған індетпен күрес жайына айрықша тоқталды.

«Әлемде өршіген COVID-19 пандемиясының қаупі әлі сейілген жоқ. Осыған орай бейбіт әлем құру мақсаты дәл осы кезде аса өзекті болып тұр. Сондықтан мен наурыз айында әлем бойынша қырғи қабақ болып жүрген тараптарды қаруларын тастап, бір мәмілеге келуге шақырдым. Біздің әлем ортақ жаумен күресіп жатыр. Қатерлі індеттің кері салдары көп. Халықаралық деңгейде шиеленістер күшейіп келеді, табыс көздерінен айырып, әлемдік қауіпсіздік саласындағы күрделі мәселелерді одан әрі күрделендіре түсті. Сондықтан құрылғанына 75 жыл болған БҰҰ әлем халықтарын осы қиын-қыстау кезде жарқын болашақты бірге құрып дамыту үшін диалогқа шақырады. Қазір біз әлеуметтік қашықтықты сақтап жүрген кезде бір-бірімізбен қатар тұмауымыз мүмкін. Сонда да әлемді қорғап, қауіпсіздікті сақтау үшін бірігудің жолдарын табуымыз керек », - деді арнайы үндеуінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш.

Әлемдегі қауіпсіздік пен бейбітшілік Қазақстанның да тұрақты назарында. Тәуелсіздік алған кезінде-ақ мемлекетіміз өңірлік және жаһандық қауіпсіздік сыртқы саясаттағы басты басымдыққа ие  болатынын бүкіл дүние жүзіне жариялаған еді. Содан бері егеменді ел осы жолдан таймай, жаһандық қауіпсіздік бастамаларымен көзге түсті әрі әлемдік саясат аренасында өзінің лайықты бағасын ала білді. Еліміздегі  жаһандық бастамалардың қай-қайсысы да төрткүл дүниенің тыныштығына бағытталған. Қазақстан халықаралық қақтығыстарды реттеп, бітімгершілік миссиясын атқарып жүр. Бұған мысал жетерлік. Ядролық қарусызданудан бастап, Сирия мәселесі жөніндегі Астана процестеріне дейін бұлтартпас дәлел бола алады.

«Өзінің 75 жылдық мерейтойына орай БҰҰ әлемдегі миллиондаған адамдарды UN75 сауалнамасына қатысуға шақырады. Бұл - біз ұмтылған бейбіт және жарқын болашақты құру жөніндегі ең ауқымды және жаһандық пікірталас. Осы орайда Қазақстанның бітімгершілік бастамалары халықаралық қауіпсіздік пен тұрақты дамуды нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз. Қауіпсіздікке төнген жаңа қатерлердің қиын-қыстау кезеңінде Халықаралық Бейбітшілік күні жаһандық ынтымақтастықты ілгерілетуге және жаңа идеяларды тануға арналады. Әлем азаматтары қауіпсіздікке қатер төнген шақта ғаламшарды сауықтырып, оны жақсы жаққа өзгерту туралы ой бөлісуге шақырылады.  Қазақстандағы БҰҰ жүйесі елдің болашаққа бағытталған даму күн тәртібі бойынша қарқынды бастамаларына көмектесу үшін Қазақстанға қолдауды кеңейтуге дайын», - дейді Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушінің Баспасөз және коммуникациялар бойынша кеңесшісі Эльнара Байназарова.

Айта кетейік, Халықаралық бейбітшілік күнін БҰҰ Бас Ассамблеясы 1981 жылы бекіткен. 2002 жылдан бастап кең көлемде атап өтіледі. Атаулы күнді 21 қыркүйекте мерекелеу туралы шешім аталмыш белді ұйымның 55 сессиясында қабылданды. Барлық елдерге осы күні әскери қимылдар жүргізбеу ұсынылды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: salamnews.ru