Францияда Қазақстанның мәдениет маусымы ашылды

Францияда Қазақстанның мәдениет маусымы ашылды

Қазақстанның Франциядағы мәдениет маусымының ашылу рәсімі Париждегі Монсо саябағында офлайн режимінде өткен шаралардың бірегейі болды. Егер бір жыл бұрын біздің әртістеріміз ең әдемі залдарда Француз жұртшылығының қошеметін иеленіп жүрсе, пандемия кезінде мәдениет саласының өкілдері онлайн режимге көшуге мәжбүр болды. Алайда, Франциядағы санитарлық жағдай Қазақстан мәдениетінің дәстүрлі маусымын ашуға кедергі болмады. Ең бастысы барлық санитарлық ережелер, яғни маска тағу, шектеулі адам саны секілді талаптар орындалды.

«Биыл әлемде орын алып отырған жағдайларды, санитарлық кедергілер мен шектеулерді ескере отырып, біз француз жұртшылығы үшін сүйікті шараға айналған мәдениет маусымын үзбеуге шешім қабылдадық. Әрине, цифрлық форматқа да көшетін болдық. Осылайша, Францияның көрермендері ғана емес, заманауи технологиялардың арқасында қазақтың мәдениетімен бүкіл әлем таныса алады»,-деді Қазақстанның Франциядағы елшісі Жан Ғалиев.

Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының және «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрларының онлайн көрсетілімдері, Жамбыл филармониясы мен этнографиялық ансамбль концерттерінің трансляциялары, Қастеев музейінің бейне-көрмелері француз халқын қазақ мәдениетімен жақынырақ таныстыратыны сөзсіз.

«Биылғы жылы біздің шараларға қатысушы француздардың саны көбейді. Бұған Димаш Құдайбергеннің және қазақ мәдениетіне қызығушылық танытуға түрткі болған басқа да факторлар әсер етті. Біз оған қатты қуаныштымыз. Олар әр іс-шараға келіп, кітаптармен, ақпаратпен бөлісуді сұрайды. Біз, әрине, Францияда өз мәдениетімізбен қуана бөлісеміз. Бұл біздің міндетіміз», -деп ағынан жарылды «Қорқыт» атындағы қазақ мәдени орталығының негізін қалаушы Әйгерим Ерсаинова.

Тыңдаушылардың сұранысы «Қорқыт»  орталығының  жаңа оқу жылында білім беру бағдарламасын кеңейтуіне түрткі болыпты. Ал алдағы маусым  француздарды еліміздің белгілі қайраткерлерімен және музыкалық ұжымдарымен жақынырақ таныстырып қана қоймай, жаңа есімдермен таныстырмақ.

 

Фото: 24.kz