А. Райымқұлова: Әншілер концертте фонограмма қолданатынын көрерменге хабарлауға міндетті

А. Райымқұлова: Әншілер концертте фонограмма қолданатынын көрерменге хабарлауға міндетті

Киелі сахна төрінен жалған емес, жүрек тебірентер жанды дауыстағы әндер шырқалуы тиіс. Бұдан былай музыкалық шығармаларды орындаушылар фонограмма қолданатынын көрерменге хабарлауға міндетті. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты. Министр «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды. Ол концерт, ойын-сауық іс-шараларын өткізу кезінде туындайтын бірқатар проблемалар бар екендігін жасырмады. Мәселен, орындаушылар тарапынан концерттер өткізу кезінде әдепсіз мінез-құлық көрсету, жоспарланған концерттерді бұзу, әдепсіз сөздері бар репертуар таңдау фактілері болғанын ашық айтты.

«Осы орайда, Заң жобасы аясында орындаушылардың осындай мінез-құлық көрсетуіне жол бермеу үшін бірқатар міндеттемелерді енгізу арқылы осы мәселелерді реттеуге тырыстық. Олардың ішінде маңызды нормалардың бірі - музыкалық шығармаларды орындаушылардың фонограммаларды қолдану туралы көрерменге хабарлауы. Фонограммаларды пайдалану тәртібі заңға тәуелді актіде айқындалатын болады. Барлық жарнамалық өнімдерде және кассалар жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама беріледі. Бұл көрерменге фонограмманы пайдаланумен өтетін концертке билет сатып алу немесе одан бас тарту таңдауына мүмкіндік береді және билеттің құнына да әсер етеді», - деді ол.

Ақтоты Райымқұлова жаңа заң жобасының аясында өңірлік мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіретін кеңестер құру көзделіп отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, министр құжатқа автордан қоғамдық маңызы бар әдеби туындыны белгілі бір мерзімге ғана сатып алу енгізілетінін айтты. Оның айтуынша, өз кезегінде автордың туындысын қайта шығаруға немесе кітап дүкендеріне сатуға немесе оны басқа жолдар арқылы сатуға құқы жоқ. Бұл жағдайда мемлекеттің халыққа мәдени өнімінің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеті орындалмайды, керісінше шектеліп отыр.

«2017 жылы депутаттық корпустың арқасында алғаш рет заңнамалық деңгейде авторларға қоғамдық маңызы бар әдебиет үшін қаламақы төлеу тәжірибесі енгізілді. Бұл басқа елдерде болмаған жағдай. Алайда, іс жүзінде қайшылықтар пайда болды. Атап айтқанда, автордан әдебиеттерді сатып алу авторлық құқықтың барлық мерзіміне мемлекетке авторлық құқық  беруді көздейді. Ол - автордың өмір сүрген кезіндегі мерзім және одан кейінгі 70 жыл. Бұл тұрғыда мемлекет әдебиетті оны мемлекеттік кітапханаларға өтеусіз негізде тарату үшін ғана сатып алатынын айта кеткен жөн», - деді министр

Жоба қамтыған негізгі бағыттар – кітапхана және баспа ісі, мәдени-көпшілік іс-шараларды реттеу мәселелері және шығармашылық одақтарды қолдауға қатысты түзетулер болып отыр.

 

Фото: eventiks.ru