Абай шығармашылығы шетелде кең насихатталып жатыр

Абай шығармашылығы шетелде кең насихатталып жатыр

Хакім Абайдың  өлеңдері француз тіліне аударылып жатыр. Бұл кітаптар екі айдан кейін Ренн университеті кітапханасына тапсырылады. Сондай-ақ, Франция еліндегі аталмыш жоғарғы оқу орнында «Абайтану» пәні енгізіледі. Ондағы халықаралық әдебиет және тарих факультетінің студенттеріне қазақ ағартушылары мен зиялылары жайлы дәрістер оқылады. Игі бастаманы медицина ғылымының докторы, Ренн қаласындағы еліміздің Құрметті консулы Жанар Авар-Төребаева қолға алды. Бұдан бөлек, Құрметті консул Ұлы ақынның 175 жылдығына орай Ренн-Алматы бауырластығы аясында «АлРенн» квартетін құрған.

«Абай шығармаларын үлкен көлемде кітап қылып шығару үшін сол жақтың жазушыларымен аударып жатырмыз. Дүниежүзіне танытуымыз қажет. Қазақстанның жетістіктері жайлы кітапханаға жібереміз», - дейді медицина ғылымдарының докторы Жанар Авар-Төребаева,

Ал аспан асты елінде  Абай оқулары  осымен бесінші жыл өтіп отыр. Тек бұл жолы онлайн форматта. Қытайдағы Қазақстан елшілігі ұйымдастырған іс-шараға көрші елдің мемлекеттік органдары мен зиялы қауымның өкілдері, қазақ тілін меңгеріп жүрген студенттер және қазақстандық ғалымдар қатысты. Шара барысында кемеңгер ақынымыздың белгілі өлеңі мен әндері шырқалып, қара сөздерінен үзінділер оқылды. Қатысушылар екі ел арасында мәдени байланыстарды нығайтуға қосқан үлесін атап өтті. Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай елшілігіміз Қытайдың әлеуметтік желілерінде қара сөздерден үзінділер үнемі жариялап келеді.

«Абайды оқып-түсінгеннен кейін қазақты, Қазақстанды түсінеді. Осыны өзімнің бір тарихи борышым деп есептеймін. Абайдың қара сөздері мен өлеңдері «Абай» деген жинаққа басылып шықты. Көлемі 500-ден аса бетті құрайды. Бүгінгі жиын өте жақсы болды. Абай шығармалары қазақ және қытай тіліндерінде қатар оқылды. Осындай шаралап жиі ұйымдастырылып, Абай шығармалары елге кең таратса, Абайды жақсы түсінгеннен кейін, меніңше, екі елдің достығы да нығаяды», - дейді жазушы  Ақбар Мәжітұлы.

«Мен Бейжің шет тілдер университетінде орыс және қазақ тілдерін оқып жатырмын. Қазақ тілін меңгеру барысында ұлы қазақ ақыны әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлының шығармаларын терең зерттей бастадым. Қазақстан елшілігі осы шара ұйымдастырғанына өте ризамын. Оған қуана қатыстым», - дейді Бейжің шет тілдер университетінің магистранты Чжан Юньди.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: matritca.kz