ҚР Ұлттық музейі «Өнер төресі» атты көрмеге шақырады

ҚР Ұлттық музейі «Өнер төресі» атты көрмеге шақырады

Өнерсүйер қауымның құлағына алтын сырға! Ұлттық музей «Өнер төресі» атты мұражай қорынан жинақталған сәндік-қолданбалы өнер көрмесіне шақырады. Айта кетейік, бұл төтенше жағдайға байланысты соңғы кездердегі үйреншікті онлайн емес оффлайн іс-шара. Яғни, көрме қонақтары ұлттық нақыштағы ерекше туындыларды әдеттегідей қашықтан емес жақыннан тамашалап, қызығына барынша қанығып, сусындай алады. Бір залға ХХ ғасырдың екінші жартысындағы танымал шеберлердің, сондай-ақ заманауи суретшілердің киізден, ағаштан жасалған еңбектері, инсталляциялар, гобелендер, зергерлік бұйымдар қойылған. Экспозициялар көрермендерді Мұхамеджан Зейнелхан, Бәтима Зәуірбекова, Сәуле және Әлібай Бапановтар, Сержан Баширов, Эдуард Казарян, Латиф Қазбеков, Тілеужан Батанов сынды әлемдік көркемсурет кеңістігінде өзіндік қолтаңбасы бар қылқалам шеберлерінің туындыларымен таныстырады.

«Көрменің идеясы көпғасырлық ұлттық тәжірбиемен байыған қазақстандық сәндік-қолданбалы өнер және классикалық әдістері белсенді түрде пайдаланылатын және ұлттық мектептің одан әрі дамуына әсер ететін әлемдік үлгідегі өнер сынды басты екі жақты белгілейтін заманауи сәндік-қолданбалы өнердің келешегі мен даму ерекшеліктерін насихаттауға негізделген», - делінген ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Көрмеге 70-ке жуық өнер туындылары қойылды. Экспозицияда ұсынылған бұйымдар қазақ халқының мәдени-тұрмыстық ерекшеліктерін көрсетеді және қазақ ұлттық мәдениетінің бірегей бөлігі болып табылады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов