«Томирис» фильмі Париждегі кинофестивальде Гран-при жеңіп алды

«Томирис» фильмі Париждегі кинофестивальде Гран-при жеңіп алды

Ұлы даланың киноөндірісі енді бір белесті бағындырып, жаһандық деңгейде танылды. «Томирис» кинокартинасы Париждегі L"Etrange Festival 26-шы кинофестивалінде халықаралық толықметражды фильмдер секциясында Гран-при иегері атанды. Бұл туралы режиссер Ақан Сатаев хабарлады.

«Фестиваль серіктестерінің бірі, француз тіліндегі әлемдегі ең ірі ақылы телеарна CANAL+ енді біздің фильмді прайм-таймда көрсетеді», - деп жазды режиссер, «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев.

Еске салайық, Ақан Сатаев түсірген «Томирис» фильмі парсы патшасы Кирге қарсы тұрған сақ патшайымы туралы баяндайды. Ұлы даланы ұлықтаған ер мінезді қыз қайсар жауынгер, данқты қолбасшы болып сақ тайпаларын бір тудың астына біріктіреді.

Фильм ҚР мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша  Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясымен бірлесе түсірілді. Басты рөлді сомдаған Альмира Тұрсын да қуанышты жаңалықпен әлеуметтік желідегі оқырмандарымен бөлісті. 

«Қандай керемет жаңалық! Бұл фильмге жан тәнімен беріліп атсалысқн барлық адамдарды жеңісімізбен құттықтаймын», деді актриса.

Келіссөздерден кейін АҚШ, Италия, Испания, Жапония, Оңтүстік Корея, Румыния, ТМД мен Таяу Шығыс елдеріндегі бірқатар компания фильмді көрсету құқығын иеленді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: inform.kz


×